Қасым-Жомарт Тоқаев: Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен қорғалуы тиіс

Швеция мен Данияда Құран кітабын өртеу әрекеті болды

Sarbaz.kz редакторы
20/09/2023 - 16:39

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Құранның және басқа да қасиетті кітаптардың қорғалуы жөнінде қозғап өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

«Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек.

Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқарады», - деді Президент.

Ол сөзін жалғай отырып, қасиетті кітаптардың қашанда қорғалуы тиіс екенін айрықша атап өтті.

«Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар айында Данияның саясаткері Расмус Полудан Швецияның Стокгольмдегі Түркияның елшілігі алдында Құран кітабын өртеді, ал бірнеше күннен кейін Даниядағы мешіт есіктерінің алдында дәл осылай жасады. Осыдан кейін Түркия, Ирак, Алжир мемлекеттері наразылық білдірген болатын.

Бірер ай бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл істі сынға алып, Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз

×

Редакция

$ 498.51  522.84  4.81