Әскери операция жайында Мәскеу мен Анкара қалаларына ресми хабар берілген
Әзербайжан Республикасының Қарулы күштері Таулы Қарабақта әскери операция бастады. Баку қаласында жарылыс дауысы естіліп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі AFP ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Әзербайжанның Қорғаныс министрлігінің ресми телеграм-арнасында жергілікті сипаттағы терроризмге қарсы іс-шаралар басталғаны айтылған.
Әскери операция жайында Мәскеу мен Анкара қалаларына ресми хабар берілген.
Ал армениялық Factor телеарнасы Степанакертте әуе дабылы жарияланғанын жеткізді.
Баку билігі таулы Қарабақта миналар жарылған кезде төрт әзербайжан полициясы мен екі азаматтың қаза тапқанын мәлімдеген.
«Таулы Қарабақтың Әзербайжанның бақылауындағы екі қаласы – Шушей мен Физули арасындағы жолда көлікте келе жатқан алты азамат минаға түсіп, қаза тапты», – деп хабарлайды Әзербайжанның қауіпсіздік қызметі.
Дереккөзге сүйенсек, полиция қызметкерлері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 4.30-да (00.30 GMT) Ходжавенд аймағындағы туннельде танкке қарсы мина жарылған жерге бара жатқанда қаза тапқан. Белгілі болғандай, оның алдында дәл сол ауданда екі тұрғынның көлігі жарылған. Кейін екеуінің де Әзербайжанның жол агенттігінде жұмыс істегені мәлім болды.
Әзербайжанның қауіпсіздік қызметтері сепаратистер-«диверсанттар» тобын миналар орнатып, «террористік акт» жасады деп айыптады.