БҚО-да жол апатынан бір отбасының алты адамы қаза болды

Оқиға 17 қыркүйек күні шамамен сағат 19.30-да Теректі ауданы аумағында болды

Sarbaz.kz редакторы
18/09/2023 - 21:56

Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан 6 адам бір отбасының мүшелері болып шықты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Оқиға 17 қыркүйек күні шамамен сағат 19.30-да Теректі ауданы аумағында болған. «Lada Priora» DAF жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан 6 адам қаза тапқан.

БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин мәлім еткендей, қайғылы оқиғадан ерлі-зайыптылар мен олардың төрт баласы қаза болған.

Қаза тапқандар – 34 және 33 жастағы ересек адамдар, 12, 11, 5, 1 жастағы кәмелетке толмаған балалар. Жүк көлігінің 37 жастағы жүргізушісі зардап шекті. Оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

«Анықталғандай, жеңіл көліктің тежегішін басқан ізі қалмаған. Бұл жерде жүргізуші ұйықтап кеткен, әлде сөйлесіп, бір нәрсеге алаңдаған ба, әйтеуір байқамай, жүк көлігімен түйіскен. Жол ережесін сақтау керектігін жүргізушілердің есіне саламыз. Олар автокөліктегі жолаушылардың өмірі үшін де жауапты екендігін ұмытпауы керек. Орны толмас қайғылы оқиғаға байланысты марқұмдардың тума-туыстарына көңіл айтамыз.

Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі жеңіл көлік жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып кеткенін көргенін, тіпті соқтығысуды болдырмауға әрекет еткенін айтты. Ол қарсы бетке шығып кеткен жүргізушіге белгі беріп, жарығын жыпылықтатқан. Бетпе-бет соқтығысуды болдырмаған. Алайда жеңіл көлік бәрібір жүк көлігінің тіркемесіне соғылған. Соққыдан кейін ауыр жүк көлігі бір бүйіріне құлап кеткен», - деді Жаншин.

Полицейлер марқұмның отбасында бір баласы ғана қалғанын атап өтті. Ол – мектеп оқушысы, қалада оқиды. Оның ата-анасы мұғалім болған.

БҚО департаментінен түскен мәліметке қарағанда, жыл басынан бері облыста 270 жол-көлік оқиғасы (өткен жылы осы мерзімде – 213) болып, соның салдарынан 59 адам (68) мерт болып, 344-і (262) түрлі жарақат алған. 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91