Денсаулығына шағымы бар сарбаздар әскери бөлім дәрігерлерінің бақылауымен ем алады
Әскери қызметшілердің дайындығы көбіне олардың денсаулығына байланысты. Сондықтан бұл баға жетпес ресурсты нығайту міндеті әскери бөлімдер командирлерінің және әскери-медициналық бөлімшелер мамандарының ұдайы бақылауында, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Әскерге жаңа келген күннен бастап сарбаздардың денсаулығын медицина мамандары бақылайды. Жауынгерлер рентгендік диагностикамен, зертханалық талдаулармен және салалық дәрігерлердің қарауынан, яғни алғашқы медициналық тексеруден өтеді. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер жарты жылда бір рет толық тексеріледі.
Денсаулығына шағымы бар сарбаздар әскери бөлім дәрігерлерінің бақылауымен ем алады. Қажет болған жағдайда оларды әскери емханалар мен госпитальдардың бейінді мамандары тексеріп, қарайды.
Жедел және созылмалы сырқаты, жарақат алғанда немесе улану жағдайында олар амбулаториялық немесе стационарлық емделуге жіберіледі. Астана мен Алматының әскери госпитальдарында жоғары технологиялық медициналық қызметтермен бірге, медициналық көмектің кең спектрі көрсетілетінін айта кеткен жөн.
Жедел ауруларды емдеуден басқа, армия созылмалы ауруларға жоспарлы түрде ота жасайды. Мерзімді қызметтегі сарбаздар сол сияқты стоматологтың терапевтік, хирургиялық, ортопедиялық және ортодонтиялық көмегін ала алады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде олар денсаулық сақтау мекемелеріне де қарала алады.
Медициналық көмек алу үшін МӘМС қорының «адамдарды арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесіне қатардағы жауынгердің ЖСН енгізіледі. Осылайша, сарбаз «сақтандырылған» мәртебесін алады да, қызмет уақытында ол азаматтық денсаулық сақтау жүйесі арқылы медициналық көмек алуға құқылы.