Қазақ жазушысының кітабы түрік тілінде басылып шықты
Танымал жазушы, ақын және драматург Баянғали Әлімжановтың балаларға арналған «Абылай хан мен батырлар» атты кітабының тұсаукесері Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Түріксойдың ұйымдастыруымен Анкара қаласында өтті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Turanews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға халықаралық Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, жазушы Баянғали Әлімжанов, зиялы қауым мен диаспора өкілдері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған Бас хатшы Сұлтан Раев жазушы Баянғали Әлімжановтың Қазақстанда жалғыз манасшы ретінде Түркі әлемінде сіңірген еңбегі мол екенін атап өтті.
«Қазақта «Манасқа» ерекше қызмет еткен үш тұлға бар. Біріншісі – Шоқан Уәлиханов, екіншісі – Мұхтар Әуезов, үшіншісі – Баянғали аға», - деді Раев.
Түріксой басшысы Абылай хан туралы көп еңбек жазылғанын, бірақ жазушының Түркияда түрік тілінде бірінші рет Абылай туралы кітабының жарияланғанын жеткізді.
Сонымен қатар ол бұл туындының бүкіл Түркі әлемінің Абылай ханды жақынырақ тануына себепкер болатынына сенім білдірді.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев өз сөзінде жазушы Баянғали Әлімжанов шығармалары қазақ әдебиетінде ерекше орынға ие екенін, оның қазақ хандары мен батырларына байланысты жазылған шығармасын Түркияда кеңінен таныту мақсатында Түріксой ұйымында тұсаукесерінің өткізіліп отырғанын айтты. Сондай-ақ елші Түріксойдың «Түркі әлемінің ортақ үйі, шаңырағы екенін» айтып, биылғы 30 жылдық мерекесімен құттықтады.
Баянғали Әлімжанов пен Қазақстан елшісі Еркебұлан Сапиев және Түріксой ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев түрік тілінде жарық көрген кітаптың тұсауын кесті.
Іс-шара соңында Сұлтан Раев Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев пен жазушы Баянғали Әлімжановты Түріксойдың 30-жылдығына арналған медальмен марапаттады. Сонымен қатар кітаптың аудармашысы мен редакторына алғыс хат табыс етілді.