«Батыл тойтарыс-2023»: Қорғаныс министрі үздік әскери қызметшілерді марапаттады

Әскери қызметшілер атаулы сағаттармен марапатталды

Sarbaz.kz редакторы
06/09/2023 - 23:43

Қорғаныс министрі «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуының қорытындысы бойынша Қарулы күштердің әскери қызметшілерін марапаттады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысып, ерекшеленген бірқатар үздіктерді марапаттады.

«Жағалау» полигонында өткен марапаттау рәсімінде министр күрделі оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауда көрсеткен шыдамдылығы, батылдығы мен өз ісіне шын берілгендігі үшін әскери қызметшілерге алғыс айтты.

«Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуында маңызды сынақтан абыроймен өте отырып, оқу жылы ішінде үйренген машықты көрсеттіңдер. Елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауды қамтамасыз ету үшін қарқынды арттыруымыз қажет. Әскери әлеуетті нығайту, әскерлердің жауынгерлік әзірлігін, ұтқырлығын арттыру, үздіксіз жетілдіру және дамыту – міне, осылар Қарулы күштердің басты міндеті», – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Қазақстан Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жауынгерлік шеберлігі мен жоғары моральдық рухы үшін әскери қызметшілер атаулы сағаттармен марапатталды.

Салтанатты жағдайда Мемлекет басшысының атынан 32363 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Айдос Исаевқа, Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының аға офицері подполковник Тарас Рожновқа, 58012 әскери бөлімі понтонды көпір батальоны командирінің орынбасары майор Айдос Бақытбековке, 12740 әскери бөлімі 4 шабуылдау ротасының механик-жүргізушісі Дәурен Авкубаевқа, 53957 әскери бөлімі армия авиациясы армия эскадрильясының аға ұшқышы капитан Еркебұлан Қалиақпаровқа бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Қорғаныс министрінің атынан инженерлік-позициялық батальоны штабының бастығы капитан Ақжол Іңкәрбекке, 18404 әскери бөлімі 2 десанттық-шабуылдау ротасының аға маман-жүргізушісі қатардағы жауынгер Саят Аманжанға, 63193 әскери бөлімі 7 парашюттік-десанттық ротасының старшинасы 3-сыныпты сержант Бейбіт Сатымбековке, 10228 әскери бөлімі жөндеу цехының бастығы майор Виталий Соколовқа, 73652 әскери бөлімінің технигі сержант Батырбек Кенжебаевқа, 26363 әскери бөлімі арнайы өңдеу ротасының командирі аға лейтенант Әлібек Қайраханға, 12881 әскери бөлімі байланыс взводының жүргізушісі кіші сержант Қайыржан Сарыбайға, 48386 әскери бөлімі барлау тобының сержанты аға сержант Ерхат Жұмағұловқа, Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының аға офицері майор Есбол Қаңлыбаевқа, 16194 әскери бөлімі байланыс батальоны штабының бастығы капитан Фазыл Сейфуловқа да атаулы сағаттар табысталды.

Ауқымды оқу-жаттығу барысында бөлімшелер мен оған жұмылған күш құрылымдарын үйлестіруде қол жеткен құнды тәжірибе жеке құрамның кәсіби шеберлігін, әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыруға ықпал ететін болады.

Тегтер

×

Редакция

$ 471.83  505.66  5.4