Грекия, Болгария, Түркия: толассыз жаңбырдан үш елде су тасқыны болды

Бірнеше адам қаза болды

Sarbaz.kz редакторы
06/09/2023 - 18:58

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Грекияның орталығында көлік қозғалысына тыйым салынды. Болгарияның жағалау аймағы жарықсыз қалды. Ыстанбұл көшелерін су басып қалды, бірнеше метро станциясы су астында қалды. Толассыз жауған жаңбыр мен оның салдарынан болған су тасқыны Грекия, Болгария және Түркия елдеріне зиян келтірді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Грекияның Волос портында, жақын маңдағы таулы Пелион аймағында және Скиатос курорттық аралында полиция көлік қозғалысына тыйым салды. Мұнда нөсер жауыннан кем дегенде бір адам қаза тапты.

Биіктігі бір метрге жететін су ағындары жолдағы барлық заттарды, оның ішінде көліктерді де шайып кеткен.

Болгария премьер-министрі Николай Денков Қара теңіздің оңтүстік жағалауында су тасқынына себеп болған дауыл салдарынан екі адамның қаза тауып, үш адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.

Қатты желдің салдарынан туристік жағажайларды екі метрлік толқын соққан. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен оңтүстіктегі курорттық Царево қаласында су тасқыны көліктер мен фургондарды теңізге ағызып кетті. Кейбір қонақүйлердің бірінші қабаттары су астында қалғандықтан, билік төтенше жағдай жариялап, адамдарды жоғарыға шығуға шақырды.

Түркияда су тасқынынан екі демалушы қаза тауып, төртеуі із-түзсіз жоғалды.

Ыстанбұл көшелері өзенге айналды, үйлерді су басты. Кітапхана ғимаратында қамалып қалған он шақты адамды құтқаруға тура келді, кейбір метро станциялары жабылды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91