Жиын қыркүйек айының соңына дейін жалғасады
Жамбыл облысында Гвардейск гарнизонындағы 22326 әскери бөлімінің базасында әскери міндеттілердің жиыны өтіп жатыр. Оған запасқа шығарылған қатардағы, сержанттық және офицерлік құрам шақырылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Алматы қаласы қорғаныс істері жөнідегі департаменті жұмылдыру басқармасының бастығы полковник Мұрат Ерденов атап өткендей, оқыту кәсіби әскери нұсқаушылардың басшылығымен өтуде. Жиында әскери міндеттілер армияда алған әскери-есептік мамандықты пысықтап, сондай-ақ қару-жарақ және әскери техникамен жұмыс істеу дағдыларын өзектендіреді.
«Жиынға шақырылған әскери міндеттілердің жұмыс орны сақталады. Республикалық бюджет есебінен жолақысы мен орташа айлық жалақы төленеді. Жұмыс істемейтіндер ең төменгі жалақы алады», – дейді қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі.
Жиындар әскери-оқытылған резервті қалыптастыру, практикалық дағдыларды жетілдіру және әскери міндеттілерді даярлаудың талап етілетін деңгейін ұстап тұру мақсатында өткізіледі.
Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімдігінің бас маманы запастағы капитан Марат Мәмбетов оқу-жаттығу жиындары туралы:
«Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасынан шақырту алдым. Отбасым бұған түсіністікпен қарады. Мұнда бізге киім-кешек пен әскери құрал-жабдықтар берілді. Өзімді әскери ортаға қайта оралғандай сезіндім, практикалық сабақтарда бұрын алған дағдыларымды жетілдіретін боламын», – дейді.
Қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын оқу-жаттығу жиындары емтихандар мен сынақтар тапсырумен аяқталады. Жиын бағдарламасын ойдағыдай меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақ беріледі.