«Тоқта, вандал!»: Астана полициясы қала тұрғындарына үндеу жасады

Вандализм, ғимараттар мен мүлікті бүлдіру – қоғамдағы проблемалардың бірі

Админ
03/09/2023 - 23:39

gov.kz

gov.kz

Мұндай әрекеттер қаланың көркеюіне кері әсерін тигізеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Елордада полиция қызметкерлері аталмыш фактілерге жиі куә болып жатады.

Мәселен, 16 тамыз күні түнгі уақытта Астана тұрғыны ғимараттардың бірінен шығып келе жатып, құны жарты миллион теңгеден асатын есікті сындырған. Ер адамның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Мемлекет басшысы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Оның тапсырмасы бойынша биыл вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүліктің бүлінуі үшін жауапкершілік күшейтілді.

«Вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін елорда көшелеріне күн сайын 2 500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері кезекшілікке шығады. Қоғам белсенділері еріктілермен бірлесіп, тұрақты негізде «Тоқта, вандал!» акциясын өткізеді.

«Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны, адамды қорлағаны, ғимараттар мен өзге де нысандарды бүлдіргені және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік, яғни 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

«Құрметті азаматтар! Сіздерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне ұқыпты болуға шақырамыз. Кез келген құқық бұзушылық анықталып, соңы жауапкершілікке әкелетінін ұмытпаңыздар! Ішкі тәртіп, заңға және басқа адамдардың құқықтарына құрметпен қарау – бұл қоғам ұмтылуға тиіс нормалар», – деді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы Ернат Қоңырбай.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85