ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ ӘСКЕРІ?

Елімізде әскери қызметке қатысты мәселе кейінгі жылдары қоғам назарынан түспей келеді. Әсіресе, әлеуметтік желіде желдей есіп жатқан ақпараттардан кейде аяқ алып жүре алмайтын деңгейге де жетіп қаламыз. Олардың арасында ақ-қарасы жіті ажыратылмаған, жалаң деректермен дегбіріп кеткендері де бар. Тіпті, әскердегі әлімжеттікке қатысты әлдекімдер шығарған кино үзінділер бүгінгі әскердің бейнесі сияқты таралып жатыр. Әрине, мұндай жағдайлар қоғамның әскерге деген көзқарасына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Соның салдарынан армияда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар көлеңкеде қалып жатады. Сондықтан біз бүгін оқырман қауымға ел әскерінде жүзеге асып жатқан іргелі істер жайында әңгіме өрбітпекпіз.

Админ
Кеше, 22:25

Алдын алу – алғышарт

 

Жер басып жүрген кез келген пендеде кемшілік болатыны секілді, қоғамда да, оның ішіндегі қорғаныста да қылаң беріп жататын кем-кетіктер бар. Алайда, бүгінгі біздің жүйе соның салдарымен емес, себебімен күресуді мықтап қолға алған. Әсіресе, бұл тұрғыда ел қорғанысындағы әскердің, оған жетекшілік ететін басшылықтың ықылас-ниетін ерекше айта кеткен жөн. Дәлел қайда дейсіз ғой? Ендеше, нақты деректермен екшелей кетейік.

Елдің арасында «сарбаздың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына» қатысты әртүрлі әңгімелер айтылып жатады. Біздің армия мұндай жағдайдан ада деп айта алмаймыз. Әйтсе де, мұның себебіне еліміздің Қорғаныс саласы тереңдеп үңіле бастады. Мәселен, биылғы күзгі шақыру науқаны кезінде әскери психологтар жаңа PSY-РИСК әдісін қолданған. Нәтиже қандай дейсіз ғой? Әлгі әдіс негізінде өткен тестілеуде 700-ден астам жас буын азаматтан суицидалды кінәрат анықталған. Осылайша олар әскерден шеттетіліпті. Яғни, нақты алдын алу шарасы жасалған. Мұны бір деңіз.

Екінші, әскер жасындағы жастардың армияға деген дайындығы, таным-түсінігі мектепте қалыптасуы тиіс. Осы үрдіс өкінішке қарай біздің қоғамда соңғы жылдарда үзіле бастаған. Қорғаныс министрлігі бас болып осы олқылықтың орнын толтыруға нақты қадам жасады.

Бәрімізге белгілі, мектеп жасында әскери-патриоттық тәрбие беруде алғашқы әскери дайындық пәні өткізіледі. Келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын, намысты, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеуде, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азаматтар даярлауда бұл пәннің тигізер септігі көп. Алайда, кейінгі жылдары оның оқу процесінде біраз кемшіліктерге жол берілген.

«Көз жеткізгеніміздей, бұл пән 36 сағатқа дейін қысқарып кеткен. Қысқарғанмен қоймай, ол технология деген сабақпен бірге жүретін болған. 7 мыңдай мұғалім дәріс берсе, соның жартысы қыз бала екен. Жалпы, бұл пәнді әскери тәжірибесі бар, психологиялық тұрғыда пәрмен беріп, өзі үлгі бола алатын, әскери дайындықты жетік білетін ер азамат өткізу керек. Сол себепті, елдегі тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Қазіргі таңда он жыл әскери тәжірибесі бар азамат қана сабақ бере алады. Және де әлгі пән 36-дан 96 сағатқа көбейді. Осындай жағымды өзгерістер болып жатыр», - деп бізге мәлімет берді ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев мырза.

Үшінші, жоғарғы оқу орындарындағы Әскери кафедраларға қатысты анықталған олқылықтардың да орны тола бастаған. Мәселен, тиісті заң талаптары болмағандықтан бұған дейін мұндай кафедралар өз беттерінше жұмыс істеп келген. Әскери кафедралар жоғарғы оқу орындарының ішінде болғандықтан бірқатарында арнайы кабинеттері, ұстаздар құрамында біліктілігі талапқа сай еместері анықталған. Осы орайда айта кетерлігі, жаңадан қабылданған әскери-патриоттық бағыттағы заң аясында Қорғаныс министрлігі әскери кафедрасы бар оқу орындарын тексеруге толық құқық алған. Бұрын өз саласына қатысты болса да, олардың жұмысына араласа алмай келген екен.

Мінекей, кеткен кем-кетіктің себебіне үңілу дегеніміз осындай болады. Мұның нақты нәтижесін көру де бізді көп күттіре қоймас.

 

 

Сарбазға қатысты сан сауалға жауап

 

Енді елімізде жиі талқыланатын өзекті мәселенің біріне кеңірек тоқталайық.

Әскерге кеткен баласын уайымдамайтын ата-ана жоқ. «Оларға тәрбие қалай беріліп жатыр, күш қолданып жатқан жоқ па?» деген секілді сұрақтар көкейлерін тесіп жатқаны да анық. Ендеше, осы тұрғыда не істелініп жатыр?

Қазір сарбаздардың ата-аналарына арналған Ашық есік күні өтетінін ел-жұрт жақсы  біледі. Сондай-ақ, жас жауынгерлер «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы сөйлесетіні тағы бар. Бұдан өзге,  Қорғаныс министрлігі тарапынан ұйымдастыратын пресс-турлар арқылы да журналистер, тіпті халық қалаулылары сарбаздардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтады. Олар бүгінде әскери бөлімдердегі нақты жағдайды біліп отыр. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек «Бұқаралық ақпарат құралдарында әскерге деген теріс көзқарасты тым әсірелеп көрсетіп жатыр, шын мәнінде көзімізбен көргеніміз басқаша. Қазір сарбаздарды мәпелеп, бар жағдайды жасап қойған. Бұл сөзім рас. Тағы да айтамын, сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Қаржылай, азық-түлік, киім-кешекпен толыққанды қамтамасыз етілген. Одан бөлек, арнайы сарбаздар үшін аптаның сенбі, жексенбі күндері отбасымен бейнеқоңырау шалу уақыты қарастырылған. Қызмет өткеретін барлық жерді 24/7 бейнебақылау жүйесі қадағалайды. Бүгінгі таңда сол бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Мұның артықшылығы, онда бейнеге түскен әскерилердің көңіл-күйіне дейін айқындалады.

Жалпы, жастарға әскерге дейін де, оны өткеру кезінде де жағдай жасалып отыр. Армияда жүргенде алаңдамасын деп мойнындағы несиесіне 13 ай көлемінде демалыс беріледі. Әскерге дейін еш мамандығы болмаған жастар бірқатар техникалық мамандықтарды меңгеріп келуіне де мүмкіндігі бар. Ол аз десеңіз, бір жыл ішінде тәртіпті болған сарбаздар еліне оралған соң жоғарғы оқу орындарына еш сынақсыз тегін түсіп кете де алады. Осылайша  тізе берсек, жасалып жатқан жағдайлар жетіп-артылады.

Ал енді, әскерге шақыру шарасына қатысты нақты ақпараттарды алға тартайық. Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталды.  ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің мәліметінше, биыл жалпы 42 098 азаматты әскери қызметке шақыру жоспарланған. Көктемде оның 20 130-ы, күзде 21 968 адам әскерге шақырылған. Желтоқсанның 18-іне дейін жоспар 85% орындалды және ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта Ішкі Істер министрлігіне, Ұлттық Ұланға азаматтарды әскерге тарту жүргізіліп жатыр. Осылайша, күзгі әскери шақырылым барысында 22 мыңға жуық жас әскер қатарына қосылып отыр.

 

Р.S. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, мемлекет тарапынан мерзімді әскери қызметті өтеуге деген көзқарастың жақсаруына себеп болатын қомақты істер атқарылып жатқанын естен шығармағанымыз жөн. Осы орайда қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы алға тарта кетейік. Өйткені, темірдей тәртіпке шыңдалған ұрпақ қана елдің ертеңгі қорғаны болары хақ.

Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ

×

Редакция

$ 510.95  594.49  6.5