Ақпараттың ағыны тасып тұрған мына заманда ел мен жер тағдырын арқалаған сарбаздар мен сардарларға рухани демеу болатын, елдік сана мен патриоттық тәрбиені қатар ұштастыратын басылымдар ауадай қажет. Осындай мазмұнды да мағыналы, әскери өмірдің айнасындай ақпарат көзі – «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы.
Бұл басылымдар – әскери қызметтің шынайы келбетін, ел алдындағы абыройлы міндеттің салмағын, сарбаздың серті мен сардардың жауапкершілігін сөзбен сомдап, оқырман жүрегіне жол тауып жүрген бірегей рухани құрал.
«Айбын» журналы – мен үшін сардар рухының жаршысы. Бұл басылымда жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, намыс пен тәртіпті, ерлік пен елдік мұраттарын арқау еткен терең дүниелер жарияланып тұрады. Журналдың беттерінде әр офицер өз бейнесін көріп, өз орнын сезінеді. Ол – болашақ офицерлерге бағыт беретін жолбасшы, ертеңгі ел қорғаны боламын деген жастарға рух сыйлайтын алаң. Қазіргі буынға тәрбие беруде бұл журналдың орны ерек. Ай сайын асыға күтетін басылымның әр беті – жүрекке жететін ой мен сөзге толы. Бұл – білім мен рухты тоғыстырған қазына.