Әскерге салтанатты түрде шығарып салды

Семей қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта 25 азаматты Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына шығарып салуға арналған салтанатты рәсім өтті.

Админ
Бүгін, 17:37

         Бұл – жастарды Отан алдындағы қасиетті борышына аттандырар алдындағы маңызды әрі әсерлі шаралардың бірі.

         Салтанатты шара Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалуымен басталды. Сарбаздарды шығарып салуға ата-аналар, ұстаздар, әскери қызметкерлер, ардагерлер, сондай-ақ қала мектептерінің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

         Іс-шара барысында ардагерлер сөз алып, жас сарбаздарға ақ баталарын берді. Олар өздерінің әскери өмір жолдарынан мысал келтіріп, Отан алдындағы борышты абыроймен атқарудың маңызын айтты.

         – Әскери қызмет – әрбір азаматтың парызы. Бұл – елге адалдықтың, тәртіп пен төзімділіктің мектебі. Біз сендерге сенеміз! – деді ардагерлердің бірі.

         Сарбаздар да сөз алып, Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге серт беріп, халықтың сенімін ақтайтындарын жеткізді.

         Шара аясында арнайы әскери киім үлгілері мен қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды. Оған қатысқан оқушылар мен студенттер заманауи әскери құралдармен танысып, әскери мамандықтарға қызығушылықтарын білдірді. Көрме – жастарды әскери қызметке баулудағы тәрбиелік мәні зор элементтердің бірі болды.

         Мұндай шаралар жастар арасында патриоттық рухты күшейтіп, әскери борышқа деген жауапкершілікті арттырады. Қатысушылардың айтуынша, бұл — болашақ сарбаздар мен ел ертеңінің иесі саналатын жастар үшін үлкен патриоттық шара болды.

         Семей қаласындағы бұл шара – әскери-патриоттық тәрбиенің жарқын үлгісі ретінде есте қалары сөзсіз. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға аттанып бара жатқан жас сарбаздарға қатысушылар тек сәттілік пен абыройлы қызмет тіледі.

 

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

 

×

Редакция

$ 538.11  623.51  6.61