Қазіргі таңда елімізде отансүйгіш, білімді әрі жан-жақты дамыған жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Қарағанды облысының тумасы, жас маман, фельдшер, кіші сержант Толғанай Баделханқызы. Әскери медицина саласында адал еңбек етіп жүрген жас арудың өмір жолы – еліміздің болашағына сенім ұялататын жарқын мысал.
Толғанай Баделханқызы 2004 жылдың 12 қазанында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келді. Алғашқы білімін 2010 жылы Топар кентіндегі №1 мектепте алып, бала кезінен медицина саласына қызығушылық танытқан. Бұл арманы оны Қарағанды жоғарғы медициналық интерколледжіне жетеледі. Осында фельдшер мамандығын меңгеріп, 2023 жылы оқуын сәтті аяқтады. Толғанай еңбек жолын Қарағанды қаласындағы Жедел жәрдем №5 станциясында фельдшер болып бастады. Адам өміріне араша түсіп, қиын сәттерде көмек көрсету – бұл мамандықтың басты ерекшелігі. Ал бұл қызметті жүрек қалауымен таңдаған жас маман үшін бұл жұмыс тек міндет емес, өмірлік миссияға айналды. 2023 жылдың қазан айында Толғанай 31775 әскери бөлімінде 1 мотоатқыштар батальонының бөлімше командирі – фельдшер лауазымына тағайындалды. Бұл – үлкен жауапкершілік пен сенім. Қазіргі таңда ол кіші сержант, әрі 2024 жылы сержант атағын да иеленді. Оның әскери қызметтегі жетістіктері тек кәсіби машықпен шектелмейді – ол тәртіптілік, төзімділік, батылдық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Толғанай еліміздің Қарулы күштері арасында өткен «Әскер аруы» фотобайқауына қатысып, тек маман ғана емес, тұлға ретінде де жарқырай көрінді. Оның бойындағы мәдениеттілік, жауапкершілік пен қайсарлық қазіргі жастарға үлгі болары сөзсіз.
- Толғанай, медицина мен әскери саланы қатар алып жүру қиын емес пе?
- Иә, оңай емес. Бірақ мен өз мамандығымды жүрегіммен таңдадым. Әскери медицина – ерекше сала. Мұнда жауапкершілік те, тәртіп те, батылдық та қажет. Әрбір сәтте өзіңе емес, өзгеге көмек көрсету – менің басты ұстанымым.
- Сіздіңше, қазіргі жастарға не жетіспейді?
- Меніңше, қазіргі жастардың мүмкіндігі мол. Бірақ кейде сенімсіздік, бірбеткейлік кедергі келтіреді. Өз күшіңе сеніп, табанды болу – басты қағида. Мақсат болса, жол табылады.
- Болашаққа қандай армандарыңыз бар?
- Мен өз білімімді әрі қарай жалғастырып, әскери-медициналық салада білікті маман болғым келеді. Еліміздің денсаулық сақтау мен қауіпсіздігіне үлес қосу – менің өмірлік арманым.
- Қыз-келіншектерге не айтқыңыз келеді?
- Ешқашан қорықпаңыздар! Қай салада болсын, өз орныңды табуға болады. Ең бастысы – адал еңбек, ниет пен сенім. Әйел заты нәзік болғанымен, рухы мықты. Өз болашағыңызды өз қолыңызбен қалыптастыра аласыздар.
Толғанай Баделханқызы – бүгінгі Қазақстанның бейнесі. Жас та болса, үлкен жетістіктерге жеткен ол – еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек ететін тұлға. Әскери медицина күніне орай біз осындай аруларымызға алғысымызды білдіреміз. Ел қорғаны болу – құрмет пен ерлік. Толғанайдың өмір жолы – арманына сенген жанның жарқын жеңісі. Бүгінгі жастарға ол: «Еңбек ет, адал бол, елге қызмет ет!» – деген үндеуді жеткізіп отыр.