Елімізде әскерге барудан кімдер босатылады?

Түркістан облысынан күзде 2000-нан аса азамат аттанады

Sarbaz.kz редакторы
28/08/2023 - 20:06

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында биыл күзде 2000-нан астам азамат әскерге шақырылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев әскерге барудан кімдер босатылатыны туралы мәлі етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Жандос Тынымбекұлының сөзінше, қазір елімізде күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық жүріп жатыр. Тиісінше алдағы уақытта әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ оқу орындарын аяқтаған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады.

«1 қыркүйектен бастап, облыс азаматтарын күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың шақыру пунктерінде 14 аудандық шақыру комиссиясының жұмысы ұйымдастырылды. Жалпы 2023 жылы шамамен 5 мыңға жуық азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған. Көктемде 2 мыңнан астам ер азамат Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарын толықтырды. Енді күзгі науқан кезінде тағы 2000-нан астам адам әскерге шақырылады», - деді Жандос Тынымбекұлы.

Отбасы жағдайына немесе білімін жалғастыру үшін, денсаулығына байланысты, сондай-ақ кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педогогтер мен ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге, ҚР Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына, қылмыстық істері қаралып жатқан адамдарға, азаматтық әуе және су кемелері экипажының мүшелеріне, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктері мен техниктеріне, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан азаматтарға әскерге шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

Ал әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскерге жарамсыз деп танылған, 27 жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бірі әскери қызмет өткеру кезеңінде қаза тапқан немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған, сондай-ақ басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет және ҚР арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер, ғылыми дәрежесі бар азаматтар, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады. Сондай-ақ соттылығы бар азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.

Брифинг барысында ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің тәрбие, идеологиялық және кадр жұмыстары басқармасының әскери психолог маманы Азамат Мұхаметрахимов, күзгі шақыру науқанында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қатарына Түркістан облысынан кемінде 300 азамат әскерге шақырылатынын, ал 6 ай мерзім өткеннен кейін тілек білдірген әскери қызметші келісімшарттық қызметке қалуы мүмкін екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, әскери қызметшілерге кредиттік каникулдар беру жөнінде іс-шаралар іске асырылуда. Одан басқа, азаматтарды әскерге тарту мақсатында оларға қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде ЖОО-ға ҰБТ-сыз, конкурссыз түсу (ақылы негізде), әскери кафедраларға конкурстан тыс түсу мүмкіндіктері беріліп отыр.

Тегтер

×

Редакция

$ 478.58  520.84  5.44