Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің әскери кафедрасында толық курс оқуды аяқтап жатқан студенттер үшін бір айға созылған оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр.
Оқу орталығының «Спасск» полигонында 300-ден астам студент практикалық атыс жаттығуларын орындап, әскери қару-жарақ пен техниканы меңгеруде. Сонымен қатар, олар жауынгерлік машиналарды жүргізу бойынша нормативтерді тапсыруда.
«Екі жыл әскери кафедрада оқығаннан кейін біз алған білімімізді тәжірибе жүзінде бекіттік. Егер болашақта еліміздің Қарулы Күштеріне шақырылатын болсам, әскери техниканы еркін меңгеріп, оны тиімді пайдалана алатыныма сенімдімін», – деді, курсант Алдияр Құдыман.
Оқу жиынның соңғы күні емтиханды сәтті тапсырған студенттерге әскери ант қабылдау рәсімі өтеді. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін оқу жиынын сәтті аяқтаған студенттерге запастағы лейтенант және сержант атақтары беріледі.
Қарағанды техникалық университеттің әскери кафедрасы алғаш рет 1953 жылы Қарағанды тау-кен институтының базасында құрылған болатын. Мақсаты – студенттер арасынан запастағы офицерлерді даярлау.
72 жылдық тарихы бар кафедрадан бүгінгі күнге дейін 23 мыңнан астам офицер мен сержант түлеп шықты. Олардың көпшілігі бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде және өзге де күштік құрылымдарда абыроймен қызмет етуде. Қазіргі таңда курсанттар «Артиллерия бөлімшелерін ұрыс жағдайында қолдану», «Танк бөлімшелерін ұрыс жағдайында қолдану» және «Арнайы бөлімшелерді ұрыс жағдайында қолдану» бағытында білім алып жатыр.