ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ БЕЛЕСКЕ ЖЕТКЕН ӘСКЕРИ БӨЛІМ

Артиллерист-жауынгер мамандығы тек батылдық пен кәсіби шеберлікті ғана емес, сонымен қатар олардың жауынгерлік қабілеттеріне сәйкес атыс міндеттерін орындау кезінде нысандарды дәл анықтау, шебер жоспарлау және бөлімшелерді басқару бойынша нақты тәжірибелі болуды қажет етеді.

Админ
Кеше, 07:09

Осы жауапты сында, өз тарихында жарты ғасырлық белеске табан тіреген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөліміндегі жеке құрамның атқарып келе жатқан қызметіне оң баға бере аламыз.

Тәуелсіз Қазақстанның төл әскерінің қатары және жауынгерлік даярлық барысында алдыңғы қатарларынан ерекше көзге түсіп жүрген 06708 әскери бөлімі өз алдына дербес әскери ұжым болып құрылған күніне 50 жыл толу мерейтойын атап өтті. Дәл осы әскери орта Кеңес армиясының Орта Азия әскери округі құрамында артиллериялық бригада болып, 1975 жылы Алматы облысының аумағында құрылған. Артиллериялық бригаданың бірінші командирі болып, майор Валентин Новиков тағайындалған. Әскери бөлімді әр жылдары түрлі әскери шендегі Ю.Сиджах, И. Пеньковский, А. Чучаев, Д. Скворцов, Г. Бобков, В.Ходалев, Е.Аманбаев, Д. Есхожин, Ғ. Жүнісов, А. Биназаров, Е. Аманғожаев, Ж. Жақыпов, Е. Батырбеков, Ж.Әбеков және Н. Жүнісәлиев есімді лауазымды тұлғалар басқарып келді. Бүгінгі күнде 06708 әскери бөлімінің жеке құрамына подполковник Дамир Шарипов басшылық етіп келеді. Кеңестер Одағы ыдырап, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін, 1992 жылы артиллериялық бригада болып аталып келген 06708 әскери бөлімі Тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған төл әскерінің құрамына зеңбіректі-артиллериялық бригадасы болып енеді. 1993 жылы 06708 әскери бөлімі зымырандық зеңбіректі-артиллериялық бригадасы деген атауға ие болады. Өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының соңына қарай 06708 әскери бөлімінің артиллерист-жауынгерлері жауынгерлік даярлықта ерекше көзге түсіп, жоғары тұрған басшылықтың құрметіне бөленеді. Атап айтар болсақ, бөлімнің жеке құрамы 1997 жылы далалық атыс оқу-жаттығуында көздеген нысанаға дәл тигізіп, Мемлекет басшысының алғысына қол жеткізсе, 2000 жылы далалық артиллериялық атыс сайысында жоғарғы биіктерден көрінген артиллерист-жауынгерлер тағы бір мәрте Қазақстан Республикасының Президенті-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының марапатына ие болады. 2003 жылдың күзінде 06708 әскери бөлімі Алматы облысынан Қарағанды облысының Приозерск қаласына көшіріледі. 06708 әскери бөлімінің артиллерист-жауынгерлері «Сарышаған» полигонында Қазақстан Республикасының Президенті-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қатысуымен ұйымдастырылып өткізілген 2002 жылы «Отан қалқаны-2002» және 2004 жылы «Сарыарқа-2004» кешенді-тактикалық оқу жаттығуларында асқан белсенділік танытып, алдыңғы қатардағы орындардан ерекше көзге түседі. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінің Зымыран әскерлері және артиллерия саласының қару-жарақтарын сынақтан өткізу мақсатындағы «Отты білік-2012» оқу-жаттығуына қатысқан 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы сынақтан сүрінбей өтіп, жауынгерлік даярлықтағы артиллериялық атыс көрсеткішінің жоғары деңгейде екендігін дәлме-дәл айқындап береді. Сондай-ақ, 06708 әскери бөлімінің артиллерист-жауынгерлері өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында «Шоқпар-2013», «Айбалта-2015» және «Айбалта-2019» оқу-жаттығуларға қатысқаны белгілі. Бөлімнің жеке құрамы мұнымен тұралап қалмасы анық. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің артиллерист-жауынгерлерінің қатарында бой түзеп жүрген 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы Отан алдындағы мінсіз қызмет пен Ракета әскерлері және артиллерия шоқтығын биікке көтеруде аянбай тер төгіп келеді. Алда биік асулардың белесін бағындыру керектігі белгілі.

Сондықтан да, Отан алдындағы қызмет пен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы тапсырмаларын бұлжытпай орындауда 06708 әскери бөлімінің жеке құрамы бойдағы бар күш-жігерлерін жұмсауға әрқашанда дайын екендіктерін жеткізгім келеді. Тәуелсіз Қазақстан елінің мәртебесін көтеру мен егеменді еліміздің армиясының айбынын асқақтату жолында артиллерист-жауынгерлердің Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы өз әріптестерінен қалыс қалмайтындығына сенімім мол!

                                Тілек КЕНЖЕБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері

 

×

Редакция

$ 507.8  580.82  6.44