Әскери қызметші үшін басты міндет – мемлекеттің тәуелсіздігі мен тыныштығын күзету. Отаннан кейінгі сенімді тыл – оның отбасы. Әскери қызмет пен отбасы беріктігін қатар алып жүрген офицерлер жанұясы жайында әңгімелеуді жөн санадық.
ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштеріне қарасты 29011 әскери бөлімінде қызмет ететін майор Ағабек Мақұлбек пен 25744 әскери бөлімінің медициналық қамтамасыз ету ротасы хирургия бөлімшесінің бастығы медицина қызметінің капитаны Альмира Ибраимова Алматы қаласында танысқан. Сол жерде отау құрды. Бұл отбасы – шын мәнінде әскери өмірдің қиындығы мен абыройын бірге өткеріп келе жатқан жұп. Мансұр және Асылым есімді балаларымен табиғаттың аясында серуендегенді ұнатады.
Әскери қызмет пен аналық парызын қатар атқарып жүрген Альмира барлығына үлгереді. Күнделікті қарбалас қызметке қарамастан, оның отбасына деген мейірімі мен сүйіспеншілігі басты орында. Медициналық қамтамасыз ету саласында талай жылдық тәжірибесі бар офицер әскери қызметшілердің денсаулығы мен жауынгерлік әзірлігінің деңгейін сақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бос уақытында ән айтқанды, қол өнерімен шұғылданғанды, әсіресе түрлі моншақтан әшекей бұйымдары мен сөмке тіккенді жаны сүйеді.
«Әскер – бұл тәртіп, жауапкершілік пен бірлік. Отбасы да дәл сондай берік негіздерге сүйенеді. Қай жерде қызмет етсең де, қолдаушы отбасың, жылы ұяң, бала-шағаң болса, ол – ең үлкен күш», - дейді әскери теңізші Ағабек Мақұлбек.
Әскери өмірде мықты отбасы – сарбаздың ішкі тірегі. Ал, ананыңң махаббаты – оның жігерінің бастауы. Осындай жанұялар еліміздің Қарулы Күштерінде отбасылық құндылықтар мен әскери қызметті үйлестіре отырып, өзгелерге де үлгі болып келеді.
Аға лейтенант Меруерт Құрманғажина,
ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері басқармасы
тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің
аға офицері (баспасөз хатшысы)