Астанада ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ұйымдастырылған «Ұлының әскери қызмет ету жолындағы ана даналығы» II республикалық форумына «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан қатысудың сәті түсті.
Әскердегі анасы ретінде 44736 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Мақсат Сәбитовтың шашбауын көтеріп бардым. Форумның салтанатты бөлігінде сарбаздың анасымен қауышып, әңгімелестік. Бірақ баласының да форумға келгені туралы тіс жармадық. Ол сахнаға шақырылды. Қорғаныс министрлігінің басшылығынан марапат алды. Аналар күніне арналған ұлының құттықтауын сахнада видео арқылы тамашалады. Тек салтанатты шараның соңында ғана форумға келген аналардың алдына құшақ толы гүлімен ұлдарының шыққаны ерекше сәт болды. Мұндай тосынсыйды күтпесе керек, қуаныштан өз көздеріне өздері сенбей таңырқап қалды.
Форумда ҚР Қарулы Күштерінде әскери қызметін абыроймен атқарып, өзін үлгілі сарбаз ретінде көрсеткен, сондай-ақ, өз ісіне адал, қойылған тапсырмаларды орындауға үлкен жауапкершілікпен қарайтын, еңбексүйгіш, әскери істі үйренуде бар ынта-жігері мен күш-қуатын аямайтын сарбаз ретінде танылған және сыпайы мінезімен ерекшеленген бір топ сарбаз Қорғаныс министрлігінің алғысын алды. Әскери қызметтің міндетін адал және ынта-жігерімен атқарғаны, әскери борышын орындау кезіндегі жетістіктері мен парасатты бастамасы үшін 44736 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мақсат Бейбітұлы Сәбитов те Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың грамотасымен марапатталды.
Ал, «Аналардың жүректері» сарбаздар аналары кеңесі берген алғыс хатта: «Сіз Отан алдындағы қасиетті борышын адал өтеп, еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі үшін үлес қосып отырған ержүрек сарбазды өмірге әкелдіңіз. Бұл – нағыз аналық ерлік пен биік азаматтықтың айғағы. Сіздің мейіріміңіз, табандылығыңыз бен ұлыңызға дарытқан асыл қасиеттері еліміздің қорғаны болып тұрған сарбаздың бойынан көрініс табуда. Ананың жүрегінен басталған тәрбие – ел тірегі, ұрпақ болашағының кепілі» делінген. Жас жауынгерлерге 10 күндік демалыс та берілді.
Республикалық форум әскерге шақырылушылардың бойындағы әскери-патриоттық қасиеттерді қалыптастырудағы ананың рөлін айшықтаған, сарбаз аналары арқылы әскери қызметке деген сенімді нығайтудың маңыздылығын танытқан айтулы басқосу болды.
Гүлфат Рафикова,
44736 әскери бөлімі тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі
бөлім бастығының әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен
жұмысты ұйымдастыру жөніндегі көмекшісі