Мен атаммен мақтанамын!

Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары –майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау – басты борышымыз.

Админ
27/04/2025 - 11:52

     Отанымызды қорғауға еңбектеген жас та, еңкейген кәрі де аттанды. Осы соғысқа әкемнің әкесі, менің атам да қатысқан. Ең бір тәтті жастық шағын осы сұм соғысқа арнаған жауынгер атам Нұрхайдарұлы Маркеш. Атам тірі болғанда, биыл 101 жасқа келер еді...

Атам 10.01.1924 ж. Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жаңа-Құрылыс ауылында дүниеге келген. Алдымен 1941  жылы оның әкесі Мақышұлы Нұрқайдар әскерге шақырылып, сол жылы Харьков түбінде шайқаста қаза табады. (Мұрағаттық мәліметтер бойынша 1943 ж. 14.08. қазіргі Украина мемлекетінің Харьков облысы, Харьков ауданының Рогань станциясында жерленгені жазылған).

Артынша 1942 жылы оның ұлы Маркеш аттанды.  Соғысқа 18 жасар өрімдей жас жігіт шамалы дайындықтан соң қан майданның ортасына түседі.  Атам алдымен Смоленск түбіндегі ұрысқа қатысады. Кейін 1-Беларусь және Прибалтика полктарының қатарында болады. Сонымен қоса жапондарға қарсы соғысқа да қатысқан. Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағын оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жеріне 1947 жылы келген. Соғыстан кейінгі өмірін ауылда шаруашылықпен өткізеді.

     Ақыл-кеңестің таусылмас қазынасындай боп үйдің төрінде отыратын тау тұлғалы атам соғыс кезінде алған жарақатының ұлғаюынан 1992 жылы бұл дүниеден мәңгілік сапарға аттанды.

      Атам «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін», «Ерең еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

     Мен атаммен мақтанамын!

     Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін білгенің қалаймын.

 

Аға лейтенант Жансая Нұрхайдарова

 

 

 

 

×

Редакция

$ 512.34  582.07  6.31