Түсінбейтін әлемде, қылтиып топ пен тобырлар,
Дүрбелеңді туғызды, мазалап елді құрғырлар.
Бауырлас қырғыз еліне, құрсаудай қаруланған топ,
ТМД-ны тұрғызды, Баткенге өтіп содырлар.
Ауғаннан бастау алғандар, Тәжіктен Қырғыз өтеді.
Сұмдықтың суық хабары достастық елге жетеді.
Ғұлама дана сөзіндей, тұр-тұрдан хабар келген соң.
Тып-тыныш жатқан елдерде ұйқыдан маза кетеді.
Тәуелсіз мемлекеттердің достықпен тасып айбары
Жұдырық болған жұмылып, саңылау берсе, қай маңы
Мың тоғыз тоқсан үштен біз Тәжікстан елінің,
Біріге жүріп қорғадық, оңтүстік қауіпті аймағын.
Бекініс мығым қашанда, қолдаушылары мол елдің
Мазасы кетіп азады, ауызбірлігі жоқ елдің.
Шет жақта жүріп күзеттік, тынысын туған өлкенің
Саяси тұрақтандырып, шекарасында сол елдің.
Бадахшан таулы аймағы, Киврон, Джавай шатқалы,
Калайхумб деген ауданы, Памирден атқан ақ таңы.
Бачалардың есінен кетпейді ешуақ сеземін,
Бес өзен құйып арнаға, Пяндж деп ағын жатқаны.
Хорогтың маңы әупірім, Сохчарв деген қыстағы,
Жаяулар жерді күзетсе, әуеден қарап ұшағы.
Пшихавр шатқалы моджахедтермен шайқаста,
Ерлік күн ерлер жасаған, қалмайды естен тысқары
Жаужүректерім қорғады, шет жақта жүріп Отанын,
Еске алған сайын туыстар, мұңаяды-ау деп қорқамын.
Бейбіт күнде қазіргі, қырғынды бастан өткерген,
Өшпейді аты ешқашан, жетінші даңқты ротаның!
Он жеті жауынгеріміз бақилық болып аттанды,
Отыздан аса жаралы, қалғанын Құдай сақтады.
Отанды қорғау жолында өмірін қиған боздақтың,
Жазылды алтын әріппен тарихта мәңгі аттары!
Тәжікке бардың күзетке, жырақта ауыл, елдерің,
Жайылмақ болған содырға, бекініс болып көнбедің.
Тыныштық үшін шет жақта, жандарын қиған басқа да,
Шынайы тағзым етеміз, айбатты жауынгерлерім!
Әдеттегі өмір күн батып, бозарып таңдар атқандай,
Тірілер отыр ойға алып, періштелері қаққандай.
Жұмақтан болсын төрлері, иманды болып өздері,
Еске алған сайын батырлар, бір аунап түсіп жатқандай!
Мәңгілік емес еш пенде, біздер де бір күн өтеміз,
«Ер ісі елдің есінде», айтпаймыз бұлай текке біз.
Өскелең елде ұрпақ бар, ерлердің ісін жалғайтын,
«Отанды қорға қырағы!» дегенді міндет етеміз!
Рухымыз биік халықпыз, кетпеген жауға есеміз,
Ұрынғандарды өшірдік, есіңде болса кеше біз.
«Ерліктің өшпес үлгісі» өсиет болсын ұрпаққа,
Ержүректерді еске алып, ерлікке тағзым етеміз!
Запастағы подполковник Марат ТУРАБАЕВ,
ҚР ҚМ зейнеткері,
Тәжік-Ауған шекарасындағы
жауынгерлік іс-қимылдарының ардагері
Авторлық өлең жолдары: «Ерлікке тағзым етеміз!»
Марат Турабаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің зейнеткері,
Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік іс-қимылдарының ардагері,
запастағы подполковник