ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Семей филиалында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері мен құрылымдары офицерлерінің (психологтарының) қатысуымен оқу-әдістемелік жиын болды.
Қатысушыларға жиынның мақсаты түсіндірілген соң, әскери қызметшілердің өз функционалдық міндеттерін білуі мен жетекші құжаттардың талаптарына қатысты лездеме өткізілді. «Әскери қызметшілердің психикалық денсаулығын сақтау жөніндегі психологиялық жұмыс» тақырыбындағы дәрісті подполковник Гүлнұр Капселенова жүргізді. Басқосуда практикалық жұмыс дағдылары да меңгерілді. Мәселен, 36803 әскери бөлімінің аға офицері (психологы) капитан Анастасия Сакович социометриялық пирамиданы қолдану арқылы құрылым командирінің ұсынысын тұжырымдау, социометриялық зерттеу жүргізу барысына тоқталса, «Линейка» жүйесі бойынша психогендік шығынды есептеу әдістемесін капитан Дархан Орынғожин іс жүзінде көрсетті. Аға лейтенант Диана Аязованың практикалық сабағы «Танысу, бірігу және топтың жұмыс қабілеттілігін ашуға бағытталған тренингке оқыту. Тренинг жоспарын құрудың дұрыстығы, тренинг қатысушыларымен кері байланыс» туралы болды.
Сондай-ақ, «Психологиялық жеңілдік бөлмесінің жұмысын ұйымдастыру, психокоррекциялық сеанстың ұзақтығы, қайта келу, психологиялық жеңілдік бөлмесінің үлгісінде бөлмелерді жабдықтау» тақырыбындағы дәрісті майор Алия Лакова өткізді. Жеке құрамды зерттеу әдістері мен жаңа әртүрлі психодиагностикалық құралдар жинағының презентациясын Хеллингер тәсілімен ұйымдастырушы-жүргізуші, азаматтық персонал Татьяна Федорова таныстырды.
Әскери-қолданбалы психология саласында психологиялық қызмет мамандарының қазіргі білімін бағалау, мерзімді әскери қызметшілердің әскери ортаға бейімделуіне жақсы ықпал ететін жайттарды талқылау әрі жаңа диагностикалық, профилактикалық және креативтік әдістерді күнделікті қолдануға оқытуды көздеген жиында жеке құраммен психологиялық жұмыс жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдері де талқыланды. Бейнебайланыс арқылы қатысқан өзге гарнизондардың офицер-психологтары да өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиынды «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысы басқармасы тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының бағыт аға офицері подполковник Асель Қасымжанова түйіндеді.
Алуа ИСКАКОВА
Суретті түсірген автор