Жолдамамен оқу-сауықтыру орталығына кетті

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері мен азаматтық персонал қызметкерлерінің балалары Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жол тартты.

Админ
18/04/2025 - 11:44

 

Қолында жолдамасы бар 28 балаға Семейдің теміржол вокзалында тағы бір мәрте қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулық жүргізілді. Оқуды да оқып, денсаулықты да сауықтыратын мүмкіндікті дұрыс пайдалану керектігі  түсіндірілді. Балалар екі тілдегі оқу бағдарламасынан бөлек, бос уақытты тиімді өткізу мақсатында сан түрлі спорттық, шығармашылық шараларға және үйірмелерге қатысады. Үш апталық оқу бағдарламасының жоспары әскери істің негіздерін зерделеуге арналған тәжірибелік сабақтарды да қамтиды. Яғни, лагерьде әскерге шақырылғанға дейінгі жас жеткіншектер әскери-патриоттық дайындықтан өтеді.

   «Өз басым «Балдәуренге» демалуға бара жатырмын. Маған табиғаттың аясында болу, Қазақстанымыздың түкпір-түкпірімен танысу қатты ұнайды. Әкем әскери қызметші, анам мұғалім болғандықтан шығар, жақсы тәрбие алдым деп есептеймін. Менің ойымша, әр қазақтың баласы өз Отанын тануы, өзі туып-өскен өлкенің тарихын жақсы білуі тиіс. Көп саяхаттауы да керек», -деді №11 орта мектептің оқушысы Мұрат Алдияр.

   «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжанованың айтуынша, былтыр «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерилері мен азамат персонал қызметкерлерінің балалары әскери ұшақта жеткізілсе, биыл арнайы вагон бөлінді. Өңірлік қолбасшылықтан жыл басынан бері осымен төртінші мәрте ұл-қыздарымыз демалысқа бара жатыр. Қазан айына дейін әлі төрт легі жіберіледі.

   Еліміз Қорғаныс министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі арасындағы жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу және балалар мен оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру жайында ынтымақтастық меморандумына сәйкес, балалар мен оқушыларды әскери-патриоттық тәрбиелеуді жетілдіру бағытында бірлескен жоспар негізінде бұл жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында әскери қызметшілердің отбасыларынан 1082 бала демалса, оның 179-ы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан. Құрлық әскерлеріне қарасты әскери бөлімдерде қызмет ететін әскери қызметшілердің отбасыларынан 157 бала Балқаш пен Қонаев қалаларындағы филиалдарда болды. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарына демалуға баратын балаларды іріктеу кезінде ең алдымен шалғай гарнизондардағы әскери бөлімдерде әскери қызмет ететін әскери қызметшілердің, көпбалалы отбасылардың, толық емес отбасылардың балаларына және денсаулығын қалыпқа келтіру ниетінде мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға басымдық беріледі.  

 

×

Редакция

$ 518.07  595.21  6.37