Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Шинкевич 100 жасқа толды. Осы айтулы күнде оны Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен «Жас сарбаз» қозғалысының жас патриоттары арнайы құттықтап барды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан ардагерге салтанатты түрде құттықтау хаты табысталып, Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс білдірілді.
– Мені ешқашан ұмытпай, еске алып отырғандарыңызға рахмет. Жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады, сондықтан осындай кездесулер мен үшін аса қымбат. Жастардың тарихқа құрметпен қарап, қызығушылық танытып, сұрақтар қойып жатқанына қуаныштымын. Көрсетіп жатқан ықыластарыңыз бен жылы сөздеріңізге алғыс айтамын, - деді ыстық ықыластар мен құттықтауларды қабылдаған Мария Ефимовна.
Мерейтой күні ардагердің үйі гүлге, күлкіге, мейірімді сөздерге толды. Туған-туыстары, көршілері, қоғам өкілдері – бәрі де құрмет пен алғыс білдіруге асықты. «Жас сарбаз» қозғалысының жас қатысушылары Мария Ефимовнаның соғыс жылдарындағы естеліктерін ерекше толқыныспен тыңдады. Олар үшін бұл жай ғана тарих емес, тірі аңызбен жүздесу еді.
– Біз ардагерлерді көзі тірісінде көріп, тілдесе алатын мүмкіндікке ие болғанымызды үлкен мақтанышпен айтамыз. Бұл – баға жетпес тәжірибе. Мария Ефимовнаға және барша ардагерлерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Біз үшін жасаған ерліктеріңіз үшін алғысым шексіз, - дейді «Жас сарбаз» тәрбиеленушісі Құндыз Ануар.
Бүгінгі күні Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының сегіз ардагері өмір сүруде. Олар 7 мамыр күні Астанада өтетін Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысуға дайындалуда. Мария Ефимовна сияқты жандар барда – халықтың ерлігі мен рухы да, тарихы да тірі. Олардың өмірі мен өнегесі жаңа буынды Отанды сүюге, ел мен жерге адал болуға шабыттандырады. Мария Ефимовна 1925 жылдың 13 сәуірінде Қарағанды облысындағы Ростовка ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген әйелдер секілді ол да Отан қорғауға аттанды. 1944 жылы Осакаров аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеу қаласындағы Әйелдерге арналған снайперлік мектепке оқуға жіберілді. Ол 1945 жылдың тамызына дейін снайпер ретінде 3-Балтық және Украина майдандарында, 199-армян қосалқы атқыштар полкі, Орман Қызыл Ту орденді, II дәрежелі Суворов орденді 220-атқыштар дивизиясы құрамында шайқасты. Жеңісті Прагада қарсы алды. Мария Ефимовна II дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Германияны жеңгені үшін», «Г.К.Жуков», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен, «Соғыс ардагері» төсбелгісімен және көптеген алғыс хаттар, грамоталармен марапатталған. Соғыс оның тағдырында терең із қалдырса да, Мария Ефимовна табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында бейбіт өмірде де елге қызмет етуді жалғастырды. Ол өмір бойы жас ұрпаққа үлгі болып, бейбітшілікті, сүйіспеншілікті, адамгершілікті қадірлеуді үйретіп келеді.