Қарағандыда Ұлы Отан соғысының ардагі Григорий Петрович Степенконың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Құрметті ардагерді құттықтау үшін Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, интернационалист жауынгерлер, сондай-ақ қала мектептері мен колледждерінің оқушылары жиналды.
Іс-шара барысында Григорий Петровичке жылы лебізін білдіріп, құттықтау сөзін Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов арнады. Ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің атынан ардагерге арнайы құттықтау хатын табыстады.
– Сіздей жанмен бір сахнада тұру – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің ерлігіңіз – бұл тарих әрі ұрпаққа үлгі болар нағыз батырлық. Сіз еркіндікті өз өміріңіз бен денсаулығыңызды бәсекеге тігіп қорғадыңыз. Шын жүректен сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және жан жылуын тілеймін, - деді Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары подполковник Еркебұлан Мұстағұлов.
Салтанатты кеш аясында мерекелік концерт ұйымдастырылып, ардагерге жүрекжарды алғыс сөздер, бейбітшілік пен амандыққа негізделген тілектер айтылды. Қатысушылар Григорий Петровичке гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын табыстап, оның ерлігіне деген ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде ардагер жастарға арнап ақ тілегін жеткізді.
– Өздеріңізді және біздің Қазақстан Республикасын қорғаңыздар. Өмірде абыроймен жүріп, тарих пен бейбітшілік жолында жанын қиғандарды ұмытпаңыздар. Тек осылай ғана біз үлкен құрбандықпен келген тыныштықты сақтай аламыз, - дейді Ұлы Отан соғысының ардагі Григорий Степенко.
Григорий Петровичтің мерейтойы – бүкіл халықтың шынайы құрметі мен жеңімпаздар ұрпағына деген терең тағзымының көрінісі болды. Григорий Степенко 1925 жылдың 10 сәуірінде Воронеж облысының Нижние Ровинки ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Павлодар облысы Лозов аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Алғашқы ұрыстық тәжірибесін 2-Украин майданында пулемётші ретінде бастады. Ол Курск-Орёл шайқасына, Белгород, Орёл, Харьков, Курск, Кенигсберг және Варшава қалаларын азат етуге қатысқан. Днепр өзенін кешіп өтіп, шайқас кезінде жарақат алған. Сонымен қатар, Забайкалье майданының 39-армиясына қарасты 19-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 56-гвардиялық атқыштар полкі құрамында Жапония әскерін талқандауға қатысты. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін: II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, II дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен және көптеген мерейтойлық марапаттармен наградталған. 1951 жылы еңбек жолын жалғастыру мақсатында Қарағандыға жолдамамен келіп, «Шахтострой» басқармасына қарасты цемент зауытында еңбек етті. Кейін теміржол көлігінде жүк тасымалын бақылау саласында бас бақылаушы қызметін атқарды. 1980 жылы зейнетке шықты.