Мемлекеттік әнұранмен ашылған салтанатты шарада Әскери-техникалық мектептің 40-қа жуық сарбазы Отан алдында әскери ант қабылдады.
Бұл күн – әскери-техникалық мектеп бітіруші сарбаздар үшін үлкен мереке. Олар – қырық күн бойы тиісті даярлықтан өткендер.
Еліміздегі бұл жас жауынгерлер курсы әскердегі мерзімді қызметті алмастырып келеді. Арнайы мектеп ашылған күнінен бастап қай кезде болмасын елі үшін еңбек етуге дайын әскерилерді тәрбиелеп қана қоймай, игі істердің басы-қасында жүреді. Бұл жерде әскери оқытылған резерв және әскери-техникалық мамандар дайындайды.
– Бүгін мен әскери-техникалық мектепті «Қуаты төмен радиостанцияның радиотелеграфист-маманы» мамандығы бойынша аяқтап, ант қабылдап отырмын. Отанды қорғау және Отан алдында ант беру – әрбір азаматтың міндеті. Осы қысқа мерзім ішінде мен қарудан оқ атудың қыр-сырын үйрендім. Барлық түлектердің атынан әскери-техникалық мектеп ұжымына рахмет айтамын, - деді әскери-техникалық мектеп түлегі Әділ Бекетов.
Әскери-техникалық мектеп – 24 -пен 32 жас аралығынадағы азаматтарға қысқа мерзім ішінде әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді. Әскери-оқытылған резерв даярлау бағдарламасы бойынша оқу барысында үздік білім көрсетіп, филиал қоғамдық өміріне белсенді қатысып, жоғары нәтижелерге жеткен бірқатар филиал түлектеріне филиал директорының алғыс хаты табыс етілді.
Айта кетсек, Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің Талдықорған филиалына биыл 23 жыл толып, осы жылдар ішінде мектеп төрт мыңға жуық курсантты даярлап шығарған.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі