Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды! Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске - 80 жыл!

Екінші дүниежүзілік соғыстың ең негізгі бөлігі болып табылатын, Ұлы Отан соғысы 1941 жылдың 22 маусым күні Адольф Гитлер бастаған фашистік Германияның Кеңестер Одағының шекарасына басып кіруімен басталған болатын.

Админ
Бүгін, 08:53

Бастапқыда, яғни 1939 жылы тамыздың 23 жұлдызында екі ел бір-біріне шабуыл жасаспау үшін келісімшартқа отырған еді. Алайда, Германия елінің басқару тізгінін ұстаған А.Гитлер уәдесінде тұрмады. Ал, тұтқиылдан басталған соғысты қабылдап алған Кеңестер Одағы болса, өз жерін жаудан қорғап, әділетті түрде қарсылық танытты. Кеңес халқы үшін Ұлы Отан соғысы, яғни Отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы болғаны анық.

Жалпы «Ұлы Отан соғысы» ұғымы, Кеңестер Одағының жерінде басталған соғыстан кейін, көп ұзамай 1941 жылдың 3 шілдесі күні радио арқылы сөйлеген Кеңестер Одағының басшысы Иосиф Сталиннің сөзінен кейін пайда болғанына тарихтың өзі куә. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Қорғаныс халық комиссары Иосиф Виссарионович Кеңестер Одағының барша халқына арнап сөйлеген сөзінде «Ұлы» және «Отан» деген сөздерді жеке дара, бір-бірімен байланыстырмай қолданды.

    Кеңестер Одағының халқы тосыннан келген қауіпке еш берілместен, жауға қарсы тұра білді. Майданға аттанғандардың қатарынан қазақстандық жауынгерлер де бой көрсете бастады. Ұлы Отан соғысының қай жерін алып қарасақ та, ерліктің ерен үлгісін көрсете білген қазақстандық жауынгерлердің есімдерін кездестіре аламыз. Соғыстың алғашқы соққысын қабылдаған Беларусь еліндегі Брест қамалын жаудан қорғап қалу үшін болған шайқастағы жауынгерлердің қатарынан біздің жерлестеріміз де табыла білді. Биік те берік қамалды қаїармандықпен қорғаған 33 ұлттың өкілдері арасында қазақстандық жауынгерлер Ғ.Жұматов, В.Лобанов, Р.Хабибуллин, И,Арыскин, Д.Жақыпов, И.Волнистов, К.Иманқұлов, К.Байжігітов, А.Сабырбаев, К.Tұрдиeв және тағы басқалары шекаралық отрядтағы жауынгерлердің құрамында жаудын алғашқы соққысына тап болып, аянбай жауға қарсы шығады.

    Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында Қазақстан жерінде 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майдан даласына жіберіледі. Қазақстанның аумағында жасақталған әскери құрылымдар неміс басқыншыларына қарсы ерлікпен шайқасты. Әсіресе, сол кездегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының бас қаласы болып саналатын Мәскеу қаласының  түбіндегі шайқаста қазақстандықтар жауынгерлер зор құрметке ие болды. Мәскеу қаласына жақын негізгі жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматы жерінде жасақталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты.

    Айта кету керек, даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлы өзінің көзі тірісінде жарық көрген "Қанмен жазылған кітабында" 316-атқыштар дивизиясының қалай құрылғанын былайша баяндап береді: «Бейбіт уақытта жас жігіттер әдетте екі жылдық әскери қызметке шақырылып, өз міндетін өтейді. Осы уақыттың ішінде оларға қажетті әскери тәрбие беріліп, олардың бойына жауынгерлік қасиет егілетін. Жауынгерлерге нағыз солдатқа тән қасиетті тәрбиелеу үшін көп уақыт қажет болады. Ал бізге мұның бәріне небәрі екі-ақ ай уақыт беріліп, ұрысқа аттандырды. Тарихта бірде-бір генерал мұндай толық әскери даярлықтан өтпеген, жаңадан шақырылған әртүрлі кұраммен соғысқа қатысқан емес. 316-атқыштар дивизиясы сияқты жауынгерлік құраманы ұйымдастыру - бұл үлкен іс.

    1941 жылдың 15 қарашасында Германия әскерлері өздерінің ең басты күштерін пайдалана отырып, Мәскеуге “негізгі шешуші шабуылды” бастады. Келесі күні, 16 қарашада жау Волоколамск тас жолы бағытында ұрысқа шығып, Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне шабуыл жасайды. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков басқарған взвод жауынгерлері, барлығы қаруланған 28 панфиловшы жауынгердер гитлерлік басқыншылардың 20 танкісімен 4 сағатқа созылған ұрыс жүргізеді. Жаудың 14 танкісі қиратылып, панфиловшылар арасынан да бірнеше адам қаза табадыы. Жау ұрысқа тағы 30 танкілерін шығарады. Қарсы шыққан 28 панфиловшылардың 23-і қазаға ұшырайды. Алайда, жау танкілері олардың шебінен өте алмағаны анық. Мәскеу түбіндегі ұрыста ерлік танықтан 28 панфиловшы-жауынгерлердің барлығына Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Сонымен бірге Волоколамск түбінде ерлік көрсетіп, қаза  тапқан қолбасшы, генерал-майор И.В.Панфиловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

    Осы Мәскеу үшін болған соғыста өзінің әскери қабілетін жүзеге асыра білген, қазақтан шыққан даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының алатын орны ерекше. Мәскеуді жаудан қорғау барысында аға лейтенант Б. Момышұлы 27 рет шайқасқа қатысқан. 1941 жылдың 16-18 қарашасы аралығындағы фашистік Германия елінің басшысы Адольф Гитлер әскерлерінің Мәскеу бағытындағы шабуылы барысында аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны Матренино деревнясындағы Волоколамск жолында ерлікпен шайқасты. Осы шайқас барысында асқан шеберлік танытқан батальон командирі Бауыржан Момышұлының біліктілігі арқасында 3 күн бойы неміс басқыншыларының бетін қайтарып, еш шығынсыз, қоршаудан шығады. Қазақ халқының мақтанышына айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбіндегі шайқастардағы ерлігі жайында орыс халқының жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында кеңінен суреттелген.

    Ленинград шайқасына қатысқан қазақстандық жауынгер Сұлтан Баймағанбетов кеудесімен жау дзотын жауып, Батыр атағын алды. Ленинград қаласы қоршауға түскенде ондағы жауынгерлер Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен өздеріне көрсетілген қолдауды ерекше сезінгендерін жеткізген. Сол жылдары қазақ ақыны Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім» атты өлең шығарып, одақ сарбаздарына қолдау көрсетіп, майданнан тыс еңбек етіп жатқан жұмыскерлердің арман-тілегін жеткізіп, халық пен әскер арасында көпір салғандай болды.

    Ленинградты қоршаудан азат ету және қала маңындағы ұрыстарда көптеген қазақстандық жауынгерлер қаһармандық танытты. Мәселен, 1943 жылы 25 шілдеде Ленинград облысы Синявино селосы түбіндегі шайқаста жау дзотының оғы бөлімше жолына тосқауыл болды. Гранаты таусылған Сұлтан Баймағамбетов дзот амбразурасын кеудесімен жауып, ел бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жанын құрбан етті. Қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 1944 жылы 15 қаңтарда Ленинград облысы Казачиха деревнясы үшін шайқаста мерген Әлия Молдағұлова мерт болды. Оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Мәскеудегі №891 мектепте қазақтың қайсар қызының бюсті орнатылды. Ленинград майданында 48-атқыштар дивизиясының таңдаулы мергені Дүйсенбай Шыныбеков те ерлікпен шайқасып, 174 немістің көзін жойды. Ленинград қаласымен байланыс орнатуда азаматтық әуе флотының қазақстандық екі басқармасынан барлығы 41 қызметкер қатысты. Әсіресе, көзге түскен ұшқыштар қатарында – С.Ахметов, А.Васильев, П.Матвеев, М.Скрыльников бар еді. Ладога көлінің мұз үстінен тартылған «өмір жолымен» күніне 3-4 мәрте қатынаған табанды ерліктері үшін орден, медальдармен марапатталған қазақстандық автоуөлік жүргізушілердің сапында – С.Қабиев, Қ.Оспанов, С. Игевский және жол учаскелері бірінің бастығы кіші лейтенант К.Ахметшиев болды.

    1942 жылдың шілде айынан 1943 жылдың ақпанына дейін Cтaлингpaд үшін шайқас жүрді. 1942 жылдың күз мезгілінде Сталинградта тұтанған соғыс жалыны Қазақстанның батыс аймағына дейін жеткен болатын. Сол уақытта Кеңес Төралқасының арнайы жарлығымен Каспий алабына да соғыс жағдайы енгізіліп, тез арада Атырау қорғаныс комитетін құру үшін жұмыстар атқарылды. Бұл өңірде соғыс жағдайы 15 қыркүйекте енгізілген болатын. Ал 26 қазан күні оралдық аймақ әуе шабуылының қорғану бөлімдерінің қатарына жатқызылды.

    Қазақстанда құрылған 292 және 387 aтқыштap дивизияcы, сонымен қатар 81 атты әскер дивизиясы Сталинград қаласын қорғауға атсалысты. Осы шайқаста жерлестеріміз өшпес ерлік көрсетіп, нағыз батырлықтың рухын танытты. Жамбыл ақынның ұлы Алғадай осы шайқаста қаза болды. Сафиуллин мен Басқақовтардың басқарған әскери бөлімдері жаумен күресу жолында жан аянып қалған жоқ. Мәселен, Басқақовтың 43 зенитшісі трактор зауытын қорғау жолында немістің он бірге жуық танкісінің көзін жойды. 36 зенитші қаза болса да, артқа қарай шегінген жоқ. 1942 жылдың 19 желтоқсанында Қарағанды тумасы, ұшқыш Нұркен Әбдіров Боховская Пономаpeвкaдағы әуе шайқасында ұшағын жау танкілерінің үстіне құлатып, батырлық танытып, қайтыс болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ қыздарының ішінде өшпес ерлігімен көзге түскендердің бірі Хиуаз Доспанова болды. Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы әскери ұшқыш қыз Хиуаз 300-ден аса ұрысқа кіріп, немістердің әскери орындарын жоюға атсалысқан. Ол жас кезінен ұшқыш болуды арман еткен екен. Сол себепті, екінші дүниежүзілік соғысына дейін Мәскеу қаласындағы Жуковский атындағы ұшқыштар академиясына оқуға қабылданған. Соғыс басталған уақытта, Марина Раскова құрған ұшқыш қыздар полкінің құрамына алынады. Хиуаз оннан аса басынан жарақат алса да, аяғы мен қолы сынса да, төрт рет аса ауыр жарақатпен госпитальға түссе де, қаймықпай, қайтпай, аяғынан қайта тұрып, ұшағына отырды. Соғыстан аман оралған ол 2008 жылы 86 жасында өмірден өтті. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ұшқыш Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді.

    1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы барысындп әрқайсысы 200-ден аса ұшу сапарын жасаған, көптеген фашистердің көзін жойған ұшқыштар Т.Бигелдинов, Л.Беда мен Павловтар екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Сондай-ақ, жеке өзі 37 үшақ, топтасып 6 ұшақты атып түсірген қазақстандық ұшқыш Сергей Луганский де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды.

    Соғыста Қызыл Әскер Польшаны толығымен азат етіп, Венгрия мен Чехословакияның біршама бөліктеріне бостандық әперді. Германияның аймақтарына еніп, жеңістің күнін жақындата түскен еді. КСРО-дан мұндай қарсылық күтпеген Гитлер жоспары түгелімен талқандалуға шақ қалды. 1945 жылдың сәуір айының 16 жұлдызында Берлин операциясы басталып кетті. Ол операцияға үш жарым миллион адам, елу мыңнан аса зеңбірек пен миномет, 7750 танк, он мың ұрыс ұшақтары қатыстырылды. Балтықтан Судет тауына дейінгі ұлан-ғайыр жерде соғыс қимылдары жүрді. Сәтті қимылдардың арқасында Кеңес әскері 2 мамыр күні Германияның орталығы Берлин қаласын толық бақылауына ала білді. Бұл операция барысында кеңес әскері батырлық пен батылдық танытып, ерліктің үлгісін көрсеткен еді. ҚР Қорғаныс министрі болған С.Нұрмағамбетов Берлин үшін ұрыста өзінің жауынгерлерін бастап кіріп, жақсы жетістіктерге қол жеткізді. 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетовтың ерлігі ұмытылмақ емес. Германия астанасын алуға қатысқан қазақстандықтардың ішінде Т.Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов, Х.Қайдаусов, З.Тұрарбеков және тағы басқалары болды. Лейтенант  Рахымжан Қошқарбаев досы Григорий Булатовпен бірге  Рейхстагқа ең алғашқы Жеңіс Туын қадады.

    Сол сияқты біздің партизандар қозғалысқа белсенді түрде атсалысты. Кейбір мәліметтерде Украина партизандар құрамасында мың жарым, Ленинград облысында екі жүзден аса қазақстандық жігіттер соғысыпты. Ал Беларусьтің әртүрлі аймақтарында әрекет жасаған 65 партизандық бригадалрда мың жарымға жуық жерлестеріміз болған. Даңқты партизаншылардың сапында жүрген Ғ.Axмeдьяpoв, Ғ.Oмapoв, В.Шapyдoв, Қ.Қaйceнoв, Ә.Шәpiпoв, Ә.Жaнгeлдин, Ж.Caин, Н.Көшeкпaeв және тағы басқаларының eciмдepi бүгiндe зop құpмeткe иe. Сонымен, кескілескен ұрыс өз мәресіне жетіп, 1945 жылдың 2 мамыр күні Берлин алынды, 8 мамырда фашистік Германияның жеңілгені турасында шартқа қол қойылды. 9 мамыр күні Кеңес Одағы жеңіс күнін тойлап, Ұлы Отан соғысына нүкте қойды.

    Биыл, осы 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысында қол жеткізген Жеңіске 80 жыл толады. Осылайша, сол сұм соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазақстандық жауынгерлердің ерлік істерін мақтанышпен еске аламыз. Ерлікпен қаза тапқан батыр жауынгерлеріміздің рухына басымызды иеміз! Ұзаққа созылған соғыста гитлерлік неміс басқыншыларына қарсылық танытып, Жеңіске жетуге жетелеген  батыр жауынгерлеріміздің есімдерін мақтан етіп, олардың ерлік жолын үлгі тұтамыз! Ешкім де, ештеңе де ұмытылмасы анық!

 

 

аға лейтенант

Думан Құрманғалиев

 

Приозерск гарнизонының

баспасөз хатшысы

×

Редакция

$ 521.53  601.01  6.43