Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің жауынгерлік жолы

Табандатқан төрт жылға созылған,  80 жыл бұрын Жеңіс туын жалаулатқан, Ұлы Жеңіспен аяқталған Ұлы Отан соғысында қазақстандықтардың көрсеткен ерлігі жөнінде жай сөзбен айту жеткіліксіз. Құрсанып келіп, тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс фашистеріне қарсы тұру үшін ерлік пен бірлік керек еді. Сындарлы 1418 күнге созылған соғыс 27 миллион халық өмірін жалмап кетті. Сол миллиондағандардың ішінде ұрыс даласында 600 мыңнан астам қазақстандық жауынгер жер жастанып, отбасыларына қайтып оралмады. Кеңес Одағы бойынша 11657 астам жауынгер (3051 адам қаза болған соң)  Ұлы Отан соғысы жылдары ұрыс даласында қайсар батырлықтары үшін Кеңес Одағы Батыры атағына ие болып, солардың 500-ге жуығы қазақстандықтарға тиесілі болды. Осы зұлмат соғысқа  1942 жылы 26 сәуірде небәрі 18 жасында аттанып, 1945 жылы ақпан айында 21 жасында Кеңес Одағы Батыры атағы берілген, қазақ әскери тарихында ойып тұрып орын алған ірі тұлғалардың бірі – Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов.

Админ
10/04/2025 - 15:06

     Білім жолын қуып, география немесе тарих пәнінің ұстазы болуды армандаған 17 жастағы Сағадаттың жоспарын 1941 жылы маусым айында басталған Ұлы Отан соғысы талқанын шығарады. Он құрсақ көтерген анасынан Сағит ағасы екеуі ғана қалып, ол ағасы да соғысқа аттанып, көп ұзамай Новгород түбінде Псков қаласын қорғау кезінде қаза болғандығы жөнінде қара қағаз келгенде, Қожахмет пен Айсаның оныншы кенже ұлы Сағадат та соғысқа кетуге бел буады. 1942 жылдың шілде айында 18 жасында Кеңес Одағы әскер қатарына қабылданып,  алғашында Түрікменстандағы алдымен Байрам-Али шаһарында, кейіннен Кушка қаласындағы 1-Түркістан әскери пулемет училищесінің  курсанты атанып, 1943 жылы үш жылға арналған бағдарламаны 8 айда тәмамдап шығады да,  офицер погонын таққан лейтенант Нұрмағамбетов енді тікелей батыстағы майдан шебіне аттанады. Курсанттарды Махачкалаға алып келіп, одан кейін жолдама бойынша Краснодар өлкесінен шығып, Солтүстік-Кавказ майдан құрамындағы Анастасьевка станциясында тұрған 9-шы Қызыл ту атқыштар корпусының штабына әкеледі. Мұнда оларды 157-шы жеке атқыштар бригадасының құрамына бөледі. 157-шы жеке атқыштар бригадасының штаб бастығы подполковник М.Сафонов 19 жастағы Нұрмағамбетовті Кубаньдағы үлкен кариблі пулеметшілер взводының командирі етіп тағайындайды. Солтүстік Кавказ майданы қолбасшылығының шешімімен 1050,1052,1054-шы атқыштар полктарынан құралған құрамында С.Нұрмағамбетов соғысқан 301-шы атқыштар дивизиясы жасақталған соң, соғыс аяғына дейін 1052-шы атқыштар полкінің құрамында соғысты. Жалпы майдан жолын Кубаньнан бастап, Дон, Молдавия жерлерінде, Одер, Шпрее өзендерінің бойындағы шайқастардан, 1-ші Беларусь майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Польша, Германия майдандарында дейін жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысты. Пулемет взводын, ротаны, 5-ші екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды.

     1945 жылдың қаңтар айының ортасы. Мангушев плацдармасы. 14 қаңтар күні Нұрмағамбет батальоны атака жасап, жау артиллериясына тойтарыс беріп, жаудың екінші позициясын бұзып өткеннен кейін Пилица өзенінің өткел аузына ие болу жолындағы шабуылға көшті. Түн қараңғылығын пайдаланып, батальон қайықтар мен қалалардың көмегімен Пилицадан өтіп,  плацдармды алу үшін жаудың соққыларын қайта-қайта басып отырды. Жауынгер Сағадат Нұрмағамбетовтің басқарған пулемет ротасы Польша жерінде жау қорғанысын бұзу кезінде Мангушев плацдармасында болған шайқаста екі күн ішінде жаудың 12 пулемет орналасқан тұрағы мен 120 неміс басқыншыларының көзін жояды. Польша түбіндегі шайқастардың бірінде станокты пулеметтің бірі істен шыққанда, жаужүрек Нұрмағамбетов пулеметты қолға алып, жау әскеріне оқты қаршадай боратады. Нәтижесінде, Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтіп, 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет тұрағын жермен жексен етеді. Бұл ұрысты жіті бақылаған Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков жіті бақылайды. Висла бойындағы ұрыстар, Мангушев плацдармасын бұзып өту, одан әрі Польша жеріне шабуылды өрістете алғаны үшін дивизия екінші дәрежелі Суворов орденімен наградталады. 1945 жылы ақпан айында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының бұйрығымен Сағадат Нұрмағамбетовке «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі. 1945 жылы 8 наурызда  «Алтын жұлдыз» медалі мен «Ленин» ордені қоса табысталады.

             1945 сәуір айының 16-сы. Жеңіс туын көтерілуіне де шамалы уақыт қалған.  Өз батальонын асқан шеберлікпен басқарған Сағадат Нұрмағамбетов  пен оның жауынгерлері Гузов қаласының түбіндегі неміс фашистеріне ойсырата соққы берді. Полк командирі подполковник Пешков  пен дивизия командирі полковник Антонов қол қойған Нұрмағамбетовтің мінездемесінде былай делінген: «Батылдық пен шеберлік көрсете отырып, ұрысты одан әрі табысты дамыта білді, сағат күндізгі үште Гузов қаласының шығыс шетіне ие болды. Мұнда батальон 200 гитлершіні жойды, 18 атыс позициясын, 8 таяныш пунктін жойып, жаудың 68 солдаты мен офицерін тұтқынға алды». («Ұлт мақтанышы. Гордость нации Сағадат Нұрмағамбетов» жинағы – Алматы, 2014 жыл. 69-бет). 18 сәуір күні де шешуші шайқастардың бірі туралы да наградалық мінездеме де былай делінеді: «Хармесдорф елді қонысы маңында 1945 жылы 18 апрельде күні бойы жау контратака жасады. Майор Нұрмағамбетов асқан табандылық пен шеберлік көрсетіп, немістердің барлық контратакаларын тойтаруды қамтамасыз етті. Әскерлер күшін керекті жерінде тамаша ұйымдастыра білді. Жауды әскери жағынан да, техникасы жағынан да үлкен шығынға ұрындырып, орныққан рубежінен қуып тастады. Оның батальоны жаудың фаусшыларының және автоматшыларының ірі топтарының табанды қарсыласуын таптай отырып, 18 апрельде Буков қаласына кірді» («Ұлт мақтанышы. Гордость нации. Сағадат Нұрмағамбетов» жинағы – Алматы, 2014 жыл. 70-бет). Шабуылдың ендігі беті – Берлин қаласы болды. 22 сәуір күні Нұрмағамбетов батальоны авиация мен артиллерия танктерінің қолдауымен Карлскортқа штурм жасады. Олардың ендігі міндеті Карлскорттың сыртында көлденеңі 250-300 метр болатын Шпрее өзенінен өту еді. 23 сәуір күні майор Нұрмағамбетовтің атқыштар батальоны Трептов қалашығының маңында Шпрее өзенінен өтеді. Бұл туралы наградалық мінездемеде толық айтылады. Өзеннің батыс жағалауынан плацдарм алып, бұл плацдармдағы біздің әскерлерді құртып жібермек болған жаудың контратакаларын ойдағыдай тойтарды. Шабуылды әрі қарай өрістете отырып, Трептовте жаудың фаустшыларымен, автоматшыларымен қиян-кескі көше ұрыстарын жүргізді. 80-нен  астам гитлершіні жойды, жаудың 145 солдатын тұтқынға алды.  24 сәуір күні  Нұрмағамбетов батальоны Берлинге кіреді. Ол туралы С.Нұрмағамбетов «Жауынгер жолы» атты кітабында ерекше тебіреніспен былай деген екен: «Біздің Берлинге енгендегі жүрек қуанышын тек сол бір оқиғаға өзі араласқан, бізбен бірге болған жандар ғана айқын сезіне алады. Жер бетіндегі адам баласына бақытсыздық, аштық, жалаңаштық, құлдық бағу, ажал арнаған фашистердің ұясын ойрандау дегеннен биік іс бар ма!» («Ұлт мақтанышы. Гордость нации Сағадат Нұрмағамбетов» жинақ – Алматы, 2014 жыл. 72- бет). 24 сәуір күні ең шешуші ұрыс Берлин қаласында болады. Майор Нұрмағамбетовтің батальоны  үлкен топпен жиналған 450 неміс басқыншысының көзін жойып, 1560 гитлерліктерді құрыққа түсіріп, 9 тұрақ пунктін ойсырата жоқ қылды. Бұл ұрыста майор Нұрмағамбетов жараланды. Батальон командирінің ерлігі – атқыштар полкының полк және дивизия командирі тарапынан екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын алуға, екінші рет «Алтын Жұлдыз» медалімен марапаттауға ұсынылады. Полк командирі Пешковтың өзі Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағы Батыры атағының берілуіне ұсыныс тастаса да, алайда, ол атақ оған берілмейді. 1945 жылы 31 мамырда Нұрмағамбетов Қызыл Ту орденімен марапатталады.

         Курсант болудан бастап, Ұлы Жеңіске жетер тарам-тарам қилы жолдардан өткен Сағадат Нұрмағамбетов соғыс біткен соң, 1946 жылы Мәскеу қаласындағы Фрунзе атындағы Әскери академияға түспекші болып келеді.  50-70 адаммен казармада тұрып, жалпы асханадан тамақтанып, үш ай бойы дайындықалды курстан өтіп, академияға қабылданады. Мандаттық комиссияның төрағасы генерал-лейтенант Сухомлинов оның небәрі 22 жаста екенін алға тартып, бір жыл күте тұруын айтады. Оған өр мінезді Нұрмағамбетов: «Соғысқа бару үшін мен жас емеспін, ал оқып-білім алу үшін жаспын ба, сонда?! Мен дәл қазір оқығым келеді және қазір оқымасам, ешқашан оқымаймын. Немесе мені армия қатарынан шығарыңыз» деп жауабын айтқан екен («Ұлт мақтанышы. Гордость нации Сағадат Нұрмағамбетов» жинағына енген «Мой передний край» С.Нұрмағамбетовтің кітабынан. – Алматы, 2014 жыл. 226-бет). Академияда ерекше білімпаздылығын, қағілездігін көрсетіп, өте жақсы оқып шығады да, 1949 жылы оны аяқтайды. Осылайша, оның соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі әскери қызметі басталады. 1950 жылы Ташкенттегі Түркістан әскери округі штабының Басқарма бөліміне оперативтік қызметіне жіберіледі. 1954 жылы қазан айында полк командирі, 1958 жылы тамыз айында дивизия штабының бастығы, 1961 жылы шілде айында Қазақ ССР-ның Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, 1969 жылы Орта Азия әскери округі қолбасшылығының орынбасары, 1981 жылы қаңтар айында Венгриядағы Оңтүстік әскерлері тобы қолбасшылығының орынбасары, 1984 жылы маусымда Орта Азия әскери округі қолбасшылығының орынбасары лауазымдарына тағайындалып, әскери қызметте ұдайы белсеніс көрсетеді.1972 жылы Фрунзе қаласындағы өткен әскери шеруді қабылдаса, 1973,1975, 1978, 1979, 1980, 1984 1987 жылдары Орта Азия Әскери округі қолбасшысының орынбасары генерал-лейтенант С.Қ.Нұрмағамбетов гарнизон басшысы ретінде Алматы қаласында өткен әскери шерулердің өтуіне басшылық етті. 1989 жылы 6 маусымда КСРО Қорғаныс министрінің №0398 бұйрығымен, Орта Азия округі тарағаннан кейін генерал-лейтенант шеніндегі 65 жастағы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов  құрметті демалысқа шығады. Әскери қайраткер 51жыл 6 айын әскери қызметте, оның ішінде 47 жылын кадрлық  қызметте болған екен. Түрк ҚК қолбасшысы генерал-полковник Фуженко зейнеткерлікке шығу туралы бұйрықты оқып, құрметті демалысқа шығарып салған екен. «Зейнетке шықсам туған ауылым Ақкөлге, Қосым ауылына барып, әке-шешенің жатқан жеріне тағзым етіп, табиғатына мастанып жатам» деген арманы орындаусыз қалады. Өйткені дәл сол уақытта еліміз тәуелсіздік алып, елімізге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне ие болып, қорғаныс шебін құратын кәсіби шебер маман, стратег, әскери тұлға қажет еді! Кеше ғана тәуелсіздік алып, егемендігін жариялаған ел үшін осындай маңызды істі қолға алып, ел қауіпсіздігі мен қорғаны үшін жауапкершілікті мойнына алған ел азаматы,  әрине, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов еді! Әлбетте, «Ұлт мақтанышы», «Қарапайым генерал» атанған С.Нұрмағамбетов өзіне тапсырылған тапсырманы көрегендікпен орындап шықты. Оған тарих куә!

          Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов Кеңес Одағының Батыры Алтын медалінің, «Халық қаһарманының» Алтын Жұлдызы мен «Отан» орденінің иегері, Ленин орденімен, Ұлы Отан соғысының І,ІІ дәрежелі ордені, Октябрь революциясы, Жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен (екі мәрте), Еңбек Қызыл Ту орденімен (екі мәрте) және ІІІ дәрежелі Қарулы Күштердегі «Отанға сіңірген қызметі үшін» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, әр жылдары Болгарияның «9 қыркүйек» және Польшаның «Алтын крест» орденімен, 60-тан аса медальдармен марапатталған. Аты аңызға айналған, туралықтың тізгіні мен шындықтың шылбырын ұстаған, өзінен кейін шәкірт інілер тәрбиелеген, тәуелсіз елі үшін елдің тұтқасы бола білген, өзі оқыған батырлар жырының кейіпкері сынды халықтың саңлақ серісі атанған өз заманының хас Батыры Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің рухы қашанда ел қорғауында жүрген әр сарбазды қолдай берсін!

 

            АЛЬМИРА ЖАБАЕВА,

Кеңес Одағы Батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы

           Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің

           Тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің маманы

×

Редакция

$ 514.94  583.74  6.13