Семей қаласындағы орта мектептердің «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары арасында «Наурыз» әскери-спорттық жарысы болды.
Жарыс басталмас бұрын Абай гарнизонындағы 44736 әскери бөлімінің әскери қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды. Қала мектептерінің оқушыларына 62 миллиметрлі модернизацияланған Калашников пулеметі, SIG Sauer SSG 3000 мергендік винтовкасы, 7,62 миллиметрлі Драгуновтың мерген мылтығы, жасырын тасымалдауға арналған 9 миллиметрлі ПП-90 пистолет пулеметі, 9 миллиметрлі Макаров пистолеті, 5,45 миллиметрлі және калибрі 7,62 миллиметр жаңартылған Калашников автоматтары көрсетілді.
Әскери-спорттық жарыс бессайыс түрінде өткізілді. «Жас сарбаздың» 8-9 сынып оқушылары Калашников-74 автоматын жартылай бөлшектеу мен жинақтау, арқаға жатып, кеудені көтеру, белтемірге тартылу, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию, қол күресі, арқан тарту секілді әскери-спорттық және әскери-қолданбалы спорт түрлерінен сайысқа түсті. Жарыстың әр кезеңінің дұрыс өткізілуін 44736 әскери бөлімінің әскерилері: бөлімше командирі – жауынгерлік машина командирі, сержант Азамат Амренов, мергендер бөлімшесінің командирі, кіші сержант Әлібек Ғазизов, аға барлаушы сержант Рахметжан Нұрахметов пен әскери бөлімнің дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы капитан Дархан Кесикбаев қадағалады. Оған негіз – жарысты ұйымдастырушы Семейдегі №49 орта мектеп пен 44736 әскери бөлімі арасындағы ынтымақтастық меморандумы. Әскери бөлім мектептегі «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілерінің әскери-спорттық әзірлігін жетілдіруге үлкен үлес қосып келеді. Қарулы Күштерде қызмет етуге жас ұрпақтың әскери бағыттары мен дене дайындығын, жаппай дене тәрбиесі-сауықтыру іс-шараларын, әскери-спорттық жарыстарды ұйымдастырып өткізуде де бір-біріне қолдау көрсетеді.
Қорытындысында жарыстың әр түрі бойынша үздіктер анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль және мақтау грамоталарымен марапатталды. Жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандарға алғыс хат табысталды.
Айта кетейік, бұл жарыс ұлттық рухты биіктететін отансүйгіш жасөспірімдерді тәрбиелеу, жас ұрпақтың бойында рухани, адамгершілік және патриоттық құндылықтарды қалыптастыру, балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, қолданбалы әскери спорт түрлерін дамыту, «Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасындағы достықты нығайту әрі әскери қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында жүзеге асты.
Алуа Искакова
Суретті түсірген автор