Тылдағы тынымсыз тірлік

Ұлы Отан соғысы кезіндегі әйелдер майдан шебінен алыс жерде, елдің тылында еңбек етіп, майданға үлкен үлес қосты. Олар түрлі салаларда қызмет етіп, елдің экономикалық, өндірістік және әлеуметтік тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарды. Олардың есею кезеңдері ел басына түскен ауыртпалықпен тұспа-тұс келіп, қолдан келген көмектерін аямады. Ерлер майдан даласында ерлік көрсетсе, олардың аналары мен әпкелері тылда сол Жеңіс жолында тер төкті. Бұл екі майдан – майдан мен тыл бір мақсат үшін қызмет етті.

Админ
06/04/2025 - 14:51

Соғыс жылдары Қазақстанда 2,5 миллионнан астам адам еңбек майданында қызмет етті, олардың басым көпшілігі әйелдер болды.                                                                                                                                                                                                       Олар соғысқа кеткен ер азаматтардың орнын толтырып, екі есе күш салуға мәжбүр болды. Жұмыс шарттары өте ауыр болды. Олар таңның атысы, кештің батысына дейін ауыр еңбектің барлық түрімен айналысты.

Кейбір мәліметтерге сүйенсек:

  •        Соғыс жылдары Қазақстанда 85 миллион пұт астық өндірілді.

  •        150 мың тоннадан астам ет дайындалып, майданға жіберілді.

  •        Әйелдер зауыттарда 600 мыңнан астам әскери киім тікті.

Көпшілігі майдандағы күйеулерінен айырылса да, олар отбасын, елін сақтап қалуға бар күшін салды.

Тыл жұмысындағы әйел бейнесі – бұл шыдамдылықтың, қажырлы еңбектің және елге деген шексіз махаббаттың символы. Тыл әйелдерінің тағы бір қыры – аналық борышын өтеу. Олар өз балалары үшін ғана емес, майдандағы ұлдары мен ел үшін қызмет етті. Соғыс жылдарында аналар жалғызбасты күйде балаларына тәрбие беріп, оларды еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа баулыды. Қиындықтарға қарамастан балаларын білімге, адал еңбекке үйретті.

Тылдағы әйелдердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Олардың еңбекқорлығы, төзімділігі және қайсарлығы қоғам тарапынан жоғары бағаланып, түрлі ордендер мен медальдармен марапатталды. Олар: «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Ұлы Отан соғысы» медальдары, «Құрмет белгісі».

Тылда жұмыс істеген әйелдер мен ерлердің ерен еңбегі, жанқиярлығы бүгінгі күнде де ұмытылмайды. Әрбір марапат, әрбір медаль олардың Жеңіске қосқан символы болып қалады. Бүгінгі бейбіт өмірдің әрбір сәті –  тылдағы еңбеккерлердің қажырлы еңбегі мен ерлігінің нәтижесі. Бұл тарихты ұмытпау және оның батырларын құрметтеу біздің басты міндетіміз.

Тылда еңбек еткен әйелдердің есімі тарихта алтын әріппен жазылуға лайық. Бүгінде олардың ерлігін насихаттау мақсатында мектептерде тарихи сабақтар өткізіліп, музейлерде арнайы көрмелер ұйымдастырылады. Алайда бұл аздық етеді. Біздің басты парызымыз – олардың еңбегін болашақ ұрпаққа жеткізу.

Тылдағы әйелдердің еңбегі тек өткеннің тарихы емес, ол – бүгінгі бейбіт өміріміздің негізі. Олардың қайсарлығы мен еңбекқорлығы – біз үшін өнеге. Біз бүгінгі таңда бейбіт күн кешіп отырғанымыз үшін сол аналарға қарыздармыз.

«Олардың қолымен тігілген әрбір шинель, пісірілген әрбір нан, атылған әрбір оқ – Ұлы Жеңіске қосылған үлес».

Олардың есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс.

 

Балгүл Тілеуберген,

«Анаға құрмет музейінің» экскурсия жетекшісі

×

Редакция

$ 521.9  593.5  6.39