Қазақстан электронды үкіметті дамыту индексі бойынша жоғары көрсеткішке ие
Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 28-орынды иеленуі – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты. Сонымен Мемлекет басшысы бұл жиында қандай мәселелерді көтерді? Sarbaz.kz тілшісі шолу жасап шықты.
Жиында ең әуелі Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткені үшін Үндістан Республикасының Премьер-министр Нарендра Моди мырзаға алғыс айтқан Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның қарқынды түрде кеңейіп келе жатқанын сөз етіп, ұйымға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді құттықтады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының да осынау Ұйымға мүше болу процесі аяқталуға жақын екенін тілге тиек етті.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары. Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды. Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастыратын бірегей еуразиялық ұйым. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы біздің мемлекеттеріміздің үлесіне тиесілі. Саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі қоса алатынына сенімдімін. Жаһандық тәртіпті түбегейлі трансформациялау жағдайында бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістің, сауда және санкциялық соғыстардың, сондай-ақ басқа да заманауи сын-қатерлердің күшейе түскеніне куә болып отырмыз. Халықаралық құқық негіздері мен оның маңызды қағидатының, яғни теңдей, бірлескен, бөлінбейтін, кешенді және тұрақты қауіпсіздіктің бұзылуы қалыпты жағдайға айналды», - деді Президент.
Сонымен қатар трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін сөз еткен Қасым-Жомарт Тоқаев терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салу керектігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстанның ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынатынын жеткізді.
«Сондықтан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі біздің бастамамызға тағы да тиісті деңгейде назар аударуды ұсынамыз. Осы аса қажетті құрылымға сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін. АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастауға қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арнайы ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда-экономикалық байланыстарды, цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту, энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жөнінде сөз қозғады.
«Географиялық тұрғыда мемлекеттердің байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы мен экономикалардың бірін-бірі толықтыруы ШЫҰ-ның басымдығы саналады. Осыған қарамастан, ШЫҰ аясында 20 жылдан аса уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Жобаны қаржылық қолдау механизмдерінің болмауы – мұның айқын факторы. Осыған байланысты Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жүк жеткізудің дәстүрлі тізбегінің үзілуіне байланысты заманауи көлік инфрақұрылымын құрудың және жаңа бәсекелі бағыттар ашудың стратегиялық маңызы арта түскенін де сөз етті.
«Бір белдеу, бір жол» мега жобасы мен Транскаспий халықаралық көлік бағдарын жүзеге асыруға бірлесе күш салу арқылы біз «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерінің мүмкіндігін ашудың барлық алғышартын қалыптастырамыз», - деді Қ.Тоқаев.
Былтыр Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 28-орынды иеленгенін айтқан Президент бұл ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы экология саласындағы өзара байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту туралы да айтты.
«Экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Өкінішке қарай, су тасқыны, қуаңшылық, өрт, судың және топырақтың ластануы секілді түрлі табиғи катаклизмдер айтарлықтай көбейгенін байқап отырмыз. Осы ретте Қазақстан қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіруді көздейді», - деді ҚР Президенті.
Бұдан бөлек, Президент «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынды.
«Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды шара елдеріміз арасында анағұрлым тығыз гуманитарлық байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенімдімін», - деген Мемлекет басшысы ұйым мүшелерін ШЫҰ-ның Қазақстан елордасы – Астанада өтетін келесі саммитіне қатысуға шақырды.