«Әке көрген оқ жонар»

Біздің білуімізше, «жұмысшы мамандар» деп өз мамандығын терең меңгеріп, ерінбей еңбек етуге дағдыланған азаматтарды айтамыз. Мәселен, көлік жүргізушісін алсақ, дәл осы мамандық иесі арнайы оқып, терең білім алмайынша көлік тізгінін басқара алмасы анық.
Админ
27/03/2025 - 10:14


    Осы орайда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында көп жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналы Мұрат Дәуренбековтың еңбегіне зор баға бере аламыз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Мұрат жастайынан әкесі Бейсетайдың жанында жүріп, жүргізуші болуды көп  армандайтын. Отбасындағы 3 ұлдың кенжесі болғандықтан болар, Мұрат әкесінің жанынан шықпай ержетіп, есейді. Бос жүрмей, әкесіне керекті кілт-саймандарын арқалай жүріп, өзі де кәмелеттік жасқа толған шағында көлік рөлін басқаруды үйреніп алды.

Әкесі Бейсетай мен анасы Жолдыбала отбасында 3 ұл мен 2 қызды өсіріп, оларға ұлағатты тәрбие берген жандар. Әкесі Бейсетай Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Ақкөл ауылдық елдімекеніндегі түрлі салада еңбек еткенімен, соңғы жылдары көлік жүргізуді қолға алады. Жасы ұлғайып, зейнеткерлікке шығады. Ал, анасы Жолдыбала болса, бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, үй шаруасымен айналысты.

Осы әулеттен есейіп, ержеткен Мұрат Бейсетайұлы Ақкөл ауылында орта мектепті табысты аяқтап, 1984 жылы әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы азаматтық борышын алыс Молдавия еліндегі, Кеңестер Одағы әскерлерінің Қызыл Тулы Одесса әскери округіне қарасты артиллериялық полк құрамында абыроймен атқарады. 1986 жылы әскерден еліне аман-есен оралған Мұрат өзінің туған ауылы Ақкөл ауылдық елдімекенінің өркендеуіне бел шешіп кіріседі. Көп уақыт жүк тасу көлігінің жүргізушісі болып еңбек етеді. Ауыл өмірімен біте қайнасқан жігіт ағасы Мұрат өмірлік жары Шынар есімді қызбен көңілі жарасып, отбасын құрады. Ауылында көлік жүргізушісі болып еңбек етіп жүрген Мұрат Дәуренбеков 1997 жылдың көктемінде Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Самсы елдімекеніндегі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 06708 әскери бөліміне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданады. Алдымен, қойма бастығы лауазымдық қызметіне тағайындалғанымен, 2003 жылы 06708 әскери бөлімі толық құрамында Қарағанды облысының Приозерск қаласына көшіріледі. Артллериялық әскери бөлімнің жеке құрамы қатарында отбасымен бірге көшіп келген Мұрат Бейсетайұлы келісімшарт бойынша әскери қызметті одан әрі жалғастырады.

2005 жылы әскери қызметші Мұрат Дауренбеков дивизион технигі лауазымына тағайындалса, арада үш жыл өткен соң 2008 жылы қамтамасыз ету взводының командирі болып көтеріледі. Сүйген жары Шынармен тату-тәтті өмір сүріп, Мұрат Бейсетайұлының отбасында 3 қыз дүниеге келіп, бойжетеді. Отбасының тұңғышы Хадиша тұрмысқа шыққан. Екіншісі Арай бұл күнде Қарағанды облыстық Білім департаментіне қарасты Приозерск қалалық білім бөлімінде жауапты қызметті атқарса, ең кенжесі Жансая Алматы қаласының педагогикалық колледжінде бастауыш сыныпқа білім беру мамандығы бойынша білім алып жүр. Әскери отбасындағы Мұрат пен Шынардың бүгінгі күнде Нұртас және Хантөре есімді сүйікті немерелері бар.
Келісімшарт бойынша әскери қызметте қатардағы жауынгерден старшина әскери атағына қол жеткізген Мұрат Бейсетайұлы Дәуренбеков 2010 жылы Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, Қарулы Күштердің қатарынан зейнеткерлікке шығады. Әскери қызметтегі адалдығы жоғары бағаланған старшина М.Дәуренбеков ІІІ дәрежелі «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі мінсіз қызметі үшін» және «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
    Әке жолын үзбей жалғап келе жатқан Мұрат Дәуренбеков қазіргі таңда 06708 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналы ретінде қызмет етіп келеді. Әскери техниканы жөндеу мен жүргізуді жетік меңгерген Мұрат өзінің соңынан ерген інілеріне бар білгенін көрсетіп, үйретуден еш жалыққан емес.
    Осы жақында ғана, өткен ақпан айының 13 жұлдызы күні асқаралы 60 жасқа толған Мұрат Бейсетайұлына тілейтініміз
, өмір жасыңыз ұзақ және денсаулығыңыз мықты болсын! Отбасыңызға тек қуаныш пен шаттықты тілейміз!

 

Приозерск гарнизонының
баспасөз хатшысы
Думан Жұмашұлы

 

×

Редакция

$ 504.44  545.65  5.95