Абай гарнизоны 32388 әскери бөлімінің қызметкерлері Наурызнама онкүндігі аясында қайырымдық науқанын қолдады.
Наурызнама онкүндігінде 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен ізгілік қасиеттерін насихаттауға арналған.
Бұл күні мұқтаж жандарға көмек көрсету, ағаш отырғызу, қайырымдылық жинау сияқты игі істер жүзеге асырылады.
– Біздің әскери бөлім биыл Ұлыстың ұлы күніне қызу дайындалды. Күні кеше біз Көрісу күнін атап өтсек, бүгін Қарттар үйінде болып, қайырымдылық күні аясында көмек қолын создық. Қамқорлықтағы ата-апаларға қажетті заттарын алып бердік, - деді 32388 әскери бөлімінің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Фарида Оспаева.
Қайырымдылық күні аясында келген әскери қызметшілерге қарттар үйінің басшылығы ризашылықтарын білдірді. Ал орталық қамқорлығындағы қариялар ізгі тілектерін жеткізіп, баталарын берді.
Қазақ халқы қашанда өзінің жомарттығымен, мейірімділігімен, қайырымдылығымен ерекшеленген. Сондықтан мұндай бастамалар тамыры тереңге жайылған дәстүрлерімізді жандандыруға көмектесері сөзсіз.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі