Қарағанды қаласында Кеңес Одағының батыры Юрий Николаевич Павлов атындағы жалпы білім беретін мектеп пен «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлім арасында маңызды меморандумға қол қойылды. Бұл келісім мектепте әскери-патриоттық тәрбие беретін «Жас сарбаз» сыныбының жұмысын кеңейтуді көздейді. Меморандум аясында болашақта өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады.
Жиын барысында мектеп ұжымы мен «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері кездесіп, балалардың болашағы үшін маңызды мәселелерді талқылады. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастарды елжандылыққа баулу, Отанға қызмет етуге ұмтылдыру, сондай-ақ әскери мамандықты таңдаған жасөспірімдердің патриоттық сезімдерін арттыру. «Жас сарбаз» сыныбына қабылданатын әр оқушының денсаулығы мен оқу үлгерімі талаптарға сай болуы керек. Мектеп басшылығы мен әскери бөлім қызметшілері әрбір оқушының қабілетіне, физикалық дайындық деңгейіне көңіл бөледі. Қабылдау үдерісінде балалар арнайы нормативтік тапсырмаларды орындап, сонымен қатар, комиссиямен сұрақ-жауап кезеңдерінен өтеді. Бұл кезеңдерде балалардың өз елін қорғауға дайын екендігі және олардың патриоттық сезімдерінің қаншалықты жоғары екені бағаланады.
– Бүгінгі шараның маңызы өте зор. Мектептің оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, шағын концерт ұйымдастырды. Бұл бастамаға қолдау көрсеткен «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Болашақта оқушыларымыздың арманы – елін қорғау, абыройлы маман атану. Мұндай іс-шаралар арқылы олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеміз. Осы жолда біз бірлесе жұмыс істеп, еліміздің болашағын тәрбиелейтін жастарды дайындаймыз, -деп атап өтті мектеп директоры Әсем Сыздықова.
Бұл бастама мектеп пен әскери бөлімнің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылып, балалардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруды мақсат етеді. Сонымен қатар, әскери-патриоттық қозғалысқа қатысу арқылы балаларға өзіндік жауапкершілік сезімі, тәртіптілік және ел үшін қызмет етуге деген ұмтылыс үйретіледі. Қазіргі кезде осы сыныпқа қосылуға ниетті оқушылардың саны айтарлықтай артып отыр. Келешекте «Жас сарбаз» сыныбының қатысушылары әскери міндеттерді ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне де дайын бола отырып, өз елінің нағыз патриоты болуға ұмтылуда. Мектеп пен әскери бөлімнің осындай бастамалары өскелең ұрпақтың өз еліне деген құрметін арттырып, елдің қуатты әрі мықты болуына негіз қалайды.