Әскери қызметшілерге қызметтестерін немесе туыстарын беспент, шапан, қамзол және басқа да ұлттық киімдерінде көру – күнде бола бермейтін жағдай. Алайда, Ұлттық киім күні алтыншы механикаландырылған құраманың әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметі Отан қорғаушылар үшін мерекелік жұмыс күнін ұйымдастырды.
Таңертеңнен бастап ұлттық киім киген құраманың қыз-келіншектері, қызметке келген барлық жауынгерлерді бақылау бекетіндегі кезекшімен бірге қарсы алып, ұлттық тәттілерден дәм татқызды.
Мерекелік шара бригада жеке құрамының жалпы сапталуында жалғасты. Әскери қызметшілердің әжелері мен келіншектері «шашу» рәсімін жасап, әскер қатарына шақырылғандарға қазақтың ұлттық тәттілерін ұсынды.
Өз кезегінде бригаданың әскери оркестрінің әскери қызметшілері «Қош келдің, Наурыз!», «Көктем шақырады» және «Наурыз-думан» әндерін орындап, шеру алаңын бойлай жеке құрам алдынан жүріп өтті.
Мереке ұйымдастырушылары сарбаздардың алдынан өтіп жатқан сәтте сол маңда тұрған сержанттар мен офицерлер қарамағындағыларға ұлттық киімнің тарихы, шығу тегі, ерекшеліктері туралы айтып берді.
– Ол тек сыртқы сұлулықты ғана емес, сонымен қатар бай рухани дүниені, халықтың қолөнер шеберлігін танытады. Бұл – қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, ұлттық болмысын бойына сіңірген этномәдени құндылығымыз, - деп атап өтті өз сөзінде бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Қуаныш Айдынғалиев.
Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметтің бастамасын қолдаған бригада командирі подполковник Сергей Бибулатов та шараға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
– Бұл мереке бізді ғасырлар қойнауына алып барады, әдемілігімен, практикалық және ыңғайлылығымен ерекшеленетін ұлттық киімдермен таныстырады. Шара арқылы біз ата-бабаларымызға деген құрметімізді, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптейді, - деді ол.
Мерекелік шара Шымкент гарнизонының әскери қалашығында жалғасты. Жамал Оразбек бастаған әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметінің өкілдері жақындарының денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған офицерлер мен сержанттардың отбасыларына ерекше назар аударып, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.