Ғасырдан ғасырға жеткен ұлы мейрамымыз Наурызды еліміз биыл ерекше атап өтіп жатыр. Тәуелсіздікпен бірге жаңғырған бұл мерекені біздің халық 14 наурыз – Амал күнінен бастап, он күн бойы тойламақ.
Сөз басы
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, адамзат пен күллі табиғаттың жаңаруына дейінгі салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды, жөн-жоралғыларды, наным-сенімдерді қамтыған Ұлы мейрамның 2500 жылдық жазбаша тарихы бар.
Әз Наурыз – Шығыс елдерінің отырықшы халықтарының, егінші жұрттардың мейрамы және біздің көшпенді бабаларымыздың ортақ мерекесі.
Бағзыда грек тарихшыларының Александр Македонский (б.з.д 356-323 жж.) көрген Самарқандағы ұлан-асыр Наурыз мерекесі жайындағы жазбаларында: «Самарқан алаңында өткен Наурыз тойында Күнді бейнелейтін 365 түрлі киім киген адам мен Түнді бейнелейтін 365 түрлі киінген адам сырнайлатып-кернейлетіп, бір-біріне қарсы жүрді. Бұл көрініс – күн мен түннің теңелуі», - деп жазылған екен. Яғни, осындай Наурызды көрген Александр Македонский Шығыстың, Орталық Азияның ілкідегі мейрамына куә болғандығы ұлы мейрамның көнеден келе жатқандығын дәлелдейді.
Тағы бір дәлел – шығыстың Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям, Махмұд Қашқари және тағы да басқа ертедегі ғұламалардың шығармаларындағы Наурыз мейрамы, оны сол кездегі халықтың қалай тойлағаны жөнінде деректердің барлығы.
Ескі замандардан жеткен аңызға жүгінсек, Наурыздың ғажайып әсері әлсізге – қуат, зағипқа – шуақ, жауласқандарға – келісім, ел ішіне береке-бірлік, мамыражай тірлік алып келеді. Осыған дейінгі бүкіл қиындық пен келеңсіздік артта қалады. Көңілдегі кірбің атаулы шайылып, әркімнің жан сарайына жаңа бір нұр енеді. Бабаларымыздың ұғымынша, әр адамның ең әуелі ішкі дүниесі жаңаруы шарт. Сонда ғана шын мәнісіндегі жаңа күн туады. Яғни, Наурыз – адамзат бойындағы ізгілік пен шынайылық, мейірімділік пен жанашырлық тәрізді адами асыл қасиеттерді оятуға бағытталған ұлы шара.
Мәселен, осы Ұлыстың ұлы күнінде жарлыны тойындырып, жалаңашты киіндіру, жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге қолұшын беру өте сауапты, игілікті істердің бірі болған, мұқтаж жандарға көмектесу үлкен мәртебе саналған. Сөйтіп, дәулетті, бай адамдар бұл күні жұртқа қайырымдылық жасап, «атымтай жомарт» атанған.
Бұрындары табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойлаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтарға жақсы өнеге қалдыруды ойлаған. Содан да болар, «Қасиет дарып, дуалы сөзімнің шипасы тисін» деген мақсатта келер ұрпаққа көнекөз қариялар бата беруді де ұмыт қалдырмаған.
Міне, Наурыздың осындай айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдары жетерлік. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Сондықтан да, жаңғыру мерекесін ел болып сағына күтудің мәнісі осында.
62 жыл бойы тойланбады
Небір алмағайып замандардың өзінде жақсылықтан үмітін үзбей, келер күнге үміт артқан дана халқымыз қашанда Ұлыстың ұлы күніне қатысты наным-сенімін жоғалтпағанмен, қоғамдағы солақай саясаттың кесірі оған салқынын тигізбей қойған жоқ.
Тарихымыздағы XX ғасырдың орта тұсында Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан Наурызда Құран оқылмаса да, діни мереке ретінде танылып, оны 1926 жылдан бастап атап өтуге тыйым салынғаны бар.
Дегенмен де, атадан балаға мирас болған мейрамға тыйым салынса да, халқымыз ел ішінде оны естен шығармауға, мерекелік мәні мен мағынасын жоғалтпауға тырысты. Ескінің көзін көрген қарияларымыз ауылдық жерлерде қыстан аман-есен шыққан ауылдастарын аралап, амандығын білуді, жастарды ертіп алып, бұлақтың көзін ашып, тал егіп, еңбекке баулып, бірлік пен тірлікте өмір сүруге, жұртты ынтымақтастық пен бауырмалдыққа баулуды ұмыт қалдырмаған. Ел арасында осылай аталып өтетін мереке араға 62 жыл уақыт салып, ауыл-аймақта ғана емес, барлық аймақта қайта жаңғырды.
Халық қайта қауышты
Бұл арада мерекенің араға 62 жыл салып, халықпен қайта қауышуы халқымыздың біртуар перзенттері Мұхтар Шаханов пен Өзбекәлі Жәнібековтің есімдерімен байланысты екенін естен шығармалық.
Сөзімізге дәлел болсын, 1988 жылдың басында, қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы хат жолдап, Наурыз мерекесін қайта жағыртуды өтінеді. Ол хаттағы мәселені Г.Колбин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында қарағанда, бұл ұсынысты екі-ақ адам қолдайды. Оның бірі сол кездегі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Ө.Жәнібеков.
Бюро мүшелері «Наурызды ислам дінінің қалдығы» деп тарихты білмей қолдамағандықтан, Колбин «Наурыз мерекесін тірілтуге мүмкіндік жоқ» дегенді жеткізеді. Соған қарамастан, ақын алға қойған мақсатынан таймай, Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» еңбегін тауып алып, Колбиннің алдына қайтара барып, Наурыз мерекесі ислам дінінен бұрын өмірге келгендігін, одан бұрын тойланғандығын дәлелдеп, ақыры келісімін алады.
Ал 1988 жылы ақпанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне сайланған Ө.Жәнібек Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасынын пленумында сөз сөйлеп, ол елдің рухани өмірінде кең өріс алған қазақтың ұлттық қасиеттеріне, өмір салтына, оның ішінде Наурыз мерекесінің мән-мағынасына кеңінен тоқталып, оны жарыссөзге шыққан жазушылар мен әдебетші-ғалымдар қостап, халқымыз ежелден мейрамдап келген Наурыз мерекесін қайта жандандыруға белсене кірісіп кетеді.
Сөйтіп, бар-жоғы бір айға жуық уақыт қалғанына қарамастан, сол 1988 жылы Алматыда және Жамбыл ауданында, ал 1989 жылы еліміздің барлық облыстарында есте қаларлықтай қызығы мол, өрісі кең, халықтық сипатта өтеді.
Міне, сол 1989 жылдан бері Наурызымыз қайта түлеп, қайта түрленіп, ел ортасында есте қаларлықтай ерекше тойлана бастады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Ұлыстың ұлы күнін мемлекеттік деңгейде барлық қалаларда, облыс, аудан орталықтарында, ауылдарда бүкілхалықтық мереке ретінде атап өтілуде.
Жаңаша жаңғырды
ЮНЕСКО ай мен күндей әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасы деп таныған бұл мерекені тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің әр өңірі өзі білгенінше әрқалай атап өтіп келді. Мысалы, кейбір өңір жайлауда аппақ киіз үйлер тігіп, қазан қайнатып, ас пісіріп, тұрғындарды автобустармен таситын. Батыс облыстар Көрісу, Амал мерекелерін басты орынға қойды. Оңтүстік Қазақстан облысы Наурызды қатарынан 9 күн тойлауға талап қылып көрді.
Қазақстанда Наурызды атап өту өзге мейрамдардан көп ерекшеленбейтін. Тек тігілген киіз үйлер, құрылған алтыбақан мен ұлттық киімдер оның өзге мейрам емес, әз Наурыз екенін аңғартатын. 2019 жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, сол кездегі ел Үкіметі Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Алайда, араға жаһандық пандемия кірігіп, 2020 жылы Ұлыстың ұлы күні жаңа тарихта алғаш рет мүлдем тойланбады, азаматтарға жиын-тойға жиналмай, үйде отыруға кеңес берілді.
Дегенмен, Ұлыстың ұлы күнін жаңа мазмұнмен байыту қажет екені сезілетін. Содан да болар, 2020 жылғы 20 ақпанда өткен «Азаматтық алаң» пікірталас клубының алғашқы отырысында Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тәсілдемесі таныстырылып, оны ғалымдар мен этнографтар талқыға салды.
Айтылған ұсыныстарды ескере отырып, Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Кейінгі жылдары сарапшылар, ғалымдар мен этнографтар Наурызды мерекелеудің сахналық, фольклорлық сипаты үстем болып кеткенін сынға алып жүрген еді. Әзірлеушілер соны ескеріп, мереке мазмұнын жаңа басымдықтарымен толықтыруға тырысты.
Он күндік мереке
2024 жылғы 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Президент Қ.Тоқаев әз Наурызды бірыңғай, бірегей мерекелеу бастамасына оралды.
«Әз Наурыз – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, биылдан бастап Қазақстанда Наурыз мерекесі жаңа форматта өткізіліп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, енді жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді.
Комитет басшысы тарихта Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқанын, оны «Наурызнама» деп атағанын жеткізді. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған екен.
Осылайша, Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, енді бұл мейрам 14 наурыз – Амал күнінен басталып, он күнге жалғасады және әр күнге ерекше атау берілмек. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады.
P.S. Иә, Наурыз – береке бастауы. Осындай шаттық пен ынтымақтастық мерекесінен еліміздің Қорғаныс саласы да тысқары қалмай жатады. Жыл сайын әр әскери салалар мен әскери бөлімдерде Наурыз мерекесін насихаттайтын іс-шара кеңінен ұйымдастырылып өтіп жататыны – соның айғағы.