Атақты қазақстандық қолданбалы суретші Дария Қастеева мен оның шәкірттерінің «Өнер тамшылары» атты көрмесінде қойылған жұмыстар келушілерге көктемгі тамаша көңіл-күй тарту етті.
ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейіне сәндік-қолданбалы өнер туындыларын тамашалауға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенттері және экспоненттердің әріптестері келді.
– Түстерді сезіну түйсігі маған ата-анамнан берілді. Біз сұлулықты жақындатуға, қанық түстер мен жарқын бояулар арқылы қыстың соңғы күндерінде көктемнің келе жатқанын және табиғаттың оянатынын өнер арқылы жеткізуге тырыстық, - деді Дария Қастеева.
Вернисажда шығыс әдістерімен өрнектелген гобелен, батик, төсеніш және киіз техникасымен жасалған 70-тен астам жұмыс ұсынылды. Онда ұлттық киім, ою-өрнек, музыкалық аспаптар элементтері шебер тоқылған. Жеміс беретін алма, қуаныш, үміт пен көктемгі жаңаруды білдіретін қызғалдақтар бейнеленген сәндік-қолданбалы жұмыстар көрермендердің назарын өзіне аударды.
– Суретшілер бізге «өнер тамшыларын» ғана емес, шалқар шабыт сыйлады. Әр сурет жағымды энергияны жеткізіп, жылу мен қуаныш тарту етті. Педагог-тәлімгер мен студенттердің бірегей одағының жұмысымен байланыс армия мен қоғамды біріктіру үшін маңызды деп санаймын. Армияның бір сыдырғы жұмыс күндерінде әрдайым өнерге де орын болуы керек, - деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева.
Іс-шара әскери мұражай алаңында Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенттері жан-жақты таланттардың өнерімен қызықты өтті. Ұсынылған бағдарламада әндер, халық билері және музыкалық-театрландырылған композициялар орындалды.