Ұлы Жеңіске жетудегі қазақстандықтардың үлесі

Осындай тақырыпта «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің қамқорлығындағы №49 орта мектепте Ерлік сабағы өтті.
Админ
22/03/2025 - 10:18

   Ол Семей өңіріндегі орта білім беретін мектеп оқушылары үшін Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты қарсы алуға тың бастама болды. Шараға шақырылған қонақтар білім ұясындағы бірқатар аудитория мен сыныптарды аралады. Мектеп белсенділерімен кездесіп, педагогтармен жас ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беруде өзара әрекеттесудің мәселелері туралы әңгімелесті.

   Көпшілік назарына Абай облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ерлік пен еңбек даңқы бөлімінің көшпелі көрмесі ұсынылды. Мұражайдың жетекші мамандары Жанна Игілікова мен Мақпал Стамбекова 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жеңіске қол жеткізудегі Қазақстанның тарихи рөлі мен үлесін растайтын жәдігерлер жайында мағлұмат берді. Музейдің құнды экспонаттарын, сондай-ақ, әскери-мемуарлық және көркем әдебиет көрмесін 44736 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері де  тамашалады. Осы тұста айта кететін жайт, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен №49 орта мектеп арасындағы ынтымақтастық меморандумына сәйкес, 44736 әскери бөлімінің әскерилері «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілерінің әскери әрі спорттық әзірлігін жетілдіруге үлкен үлес қосып келеді. Қарулы Күштерде қызмет етуге жас ұрпақтың әскери бағыттары мен дене дайындығын, жаппай дене тәрбиесі-сауықтыру іс-шараларын, әскери-спорттық жарыстарды ұйымдастырып өткізуде де бір-біріне қолдау көрсетеді.

   Ерлік сабағында Семей қалалық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Александр Коновалов, жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Зейнолла Тоқаев, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері полковник Шаймардан Қалиақпаров екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтардың қаһарман ерліктерін құрметпен еске алды. Соғыстың алғашқы күндері Семей өңірінде 330-шы гвардиялық атқыштар, 8-ші атқыштар дивизияларының, басқа да әскери бөлімдердің негізі құрылғаны, бұрынғы Семей облысынан 100 мыңға жуық адамның аттанып, олардың арасынан Кеңес Одағының 54 батыры мен үшінші дәрежелі Даңқ орденінің 11 иегері шыққаны туралы да айтты.  

   Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шара барысында соғыс және еңбек ардагерлерінің халықтық хоры Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың өшпес ерлігін жырлаған әндерді шырқады.

                                                                                                           Алуа Искакова

Суретті түсірген автор

×

Редакция

$ 504.44  545.65  5.95