Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігін еске алуға арналып Семейдегі Шоқан Уәлиханов атындағы мамандандырылған «Жас ұлан» ерлер лицей-интернатында облыстық «Абай мергені – 2025» әскери-спорттық турнирі ұйымдастырылды.
Жарыста тек қыздар бақ сынағандықтан, төрешілер алқасына үздіктерді анықтау оңайға түспеді. Дегенмен, Абай облысының 10 қалалық және аудандық командаларынан қатысқан 40 қыздың ең мықтысы бірнеше кезең бойынша іріктелді. Тіреуішке тіреп тұрып атудан жеке есепте Семей қаласының командасынан Альфия Равильқызы мен Алина Молдагалиева және Көкпекті ауданының командасынан Бота Қасымқаир топты жарды. Бұл сайыста Семей қаласының, Ақсуат пен Көкпекті аудандарының командалары белсенділігімен көзге түсті.
Тіреуішсіз тұрып ату кезеңінде Жарма ауданынан келген Балнұр Каримова, Көкпекті ауданынан Балнұр Теміртай және Жаңасемей ауданының командасынан Медина Серікқызы үздік шықты. «Абай мергені – 2025» сайысының жалпыкомандалық есебі бойынша жүлделі орындарды Семей қаласының, Жаңасемей мен Жарма аудандарының командалары жеңіп алды.
Айта кетейік, облыстық әскери-спорттық турнир мектеп жасындағы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, Қазақстан халқының ұлттық, әскери және еңбек дәстүрлерін жалғастыру әрі жастар арасында ату спортын дамытып, анықталған мықты мергендердің спорттық шеберлігін одан әрі арттыру мақсатында жүзеге асты. Оған Абай облысы білім басқармасының дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы басшылық етті.