Әлия Жарболқызы Бабаева – ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында абыройлы қызмет етіп жүрген кәсіби маман, жанұясының берекесі, бес баланың аяулы анасы.
Ол 44 жыл бұрын Ақтөбе облысы, Комсомол ауданында дүниеге келген. Бүгінде ол әскери институтта Ведомстволық желілік деректерді беру бөлімшесінің бастығы қызметін атқарады. Әскери салада байланыс жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.
Көптеген әскери мамандар тәрізді Әлия да спорт пен әскери дайындықты қатар алып жүреді. Ол Президенттік көпсайыс бойынша өткен әскери чемпионатта бірінші орынға ие болып, өзінің физикалық және рухани мықтылығын дәлелдеді. Сондай-ақ, АК-74 автоматын атудан 90 балл жинап, әскери шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетті.
Әскери қызмет әйел адамға үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Дегенмен, Әлия ханым әскери қызметі мен отбасылық өмірін тең ұстап келеді. Ол – мейірімді ана, сүйікті жар. Бес баланың тәрбиесіне баса назар аудара отырып, оларды адалдыққа, патриоттыққа баулуда.
Өмірін әскери қызметке арнаған қайсар жан үшін жаңа белестерді бағындыру – басты мақсаттардың бірі. Ол саяхаттауды армандайды, түрлі елдерді көріп, әлем мәдениетімен танысқысы келеді. Сонымен қатар, өз қызметінде одан әрі биік дәрежелерге жетуді көздейді.