Подполковник Әлия Бақытжанқызы Ниязимбетова – Әуе қорғанысы күштері әскери институтының білім сапасын бағалау (мониторинг) бөлімінің әдіскері, педагогика ғылымдарының магистрі, 20 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар білікті маман.
Ол Актөбе қаласында дүниеге келіп, бүгінде әскери білім жүйесін жетілдіруге бар күшін салып жүр. Мәселен, оның бастамасымен Әскери институттың баллдық-рейтингтік жүйесі енгізілді, білім беру процесін бақылау және бағалау ережелері жасалды, оқу-әдістемелік кеңес жұмысының негіздері қалыптасты, курсанттардың білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше әдістемелік жобалар іске асырылды.
Әлияның еңбегі Қазақстанның әскери білім жүйесін дамытуға зор үлес қосып, болашақ офицерлердің сапалы даярлануына мүмкіндік берді.
Әлия Бақытжанқызы тек білім сапасын арттыруға ғана емес, курсанттардың тұлғалық дамуына да ерекше назар аударады. Ол – жауапкершілік пен тәртіпті, білімге деген ұмтылысты бірінші орынға қоятын шебер ұстаз.
Курсанттарға талапшылдық таныта отырып, олардың ерік-жігерін шыңдауға, өз бетімен шешім қабылдауға үйретеді. Оның жетекшілігімен көптеген жас офицерлер әскери мансапқа нық қадам басып, кәсіби даярлықтан өтті.
Кейіпкеріміз I спорттық разряды бар спортшы, дене дайындығына ерекше мән береді.
Сонымен қатар, саяхаттауды ұнатады. Оның Токио, Нью-Йорк және Мадридтен естелік сыйлықтар алып келу арманы бар. Бұл оның әлемді танып-білуге, мәдениетаралық қарым-қатынасты бағалауға деген құштарлығын көрсетеді.
Ол үшін Әлия есімі – жауапкершілік пен қайсарлықтың мәңгілік символы. Осы ұлық есімге лайықты болуға бар күш-жігерін жұмсап келеді.