Жетісу гарнизоны 54380 әскери бөлімінің қызметшілері Талдықорғандағы №16 орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, ерлік сабағын өткізді.
Сабақ Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай және балаларды еліне, Қазақстан Қарулы Күштеріне деген патриоттық сезімін ояту, рухани дамыған, адамгершілігі мол тұлғаны тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Ерлік сабағы барысында әскери бөлім өкілдері және Ауған соғысының ардагері Мұхтар Ахметжанов оқушылармен емен-жарқын әңгімелесті. Жастарды сарбаз болуға, елінің патриоты болуға шақырды. Сондай-ақ, өздерінің осы әскери қызметте жүріп басынан кешкен қызықты оқиғаларын айтып, мақсатқа жету үшін адам бойында мінез бен тәртіптің болу қажеттігін жеткізді.
– Бүгінгі ерлік сабағының өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік тұрғыдан орны ерекше. Басты мақсатымыз – оқушылардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, ерлікке, отаншылдыққа, алдыңғы аталардың ерлігін мақтан етуге баулу, - дейді 54380 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Асхат Оспанов.
Айта кетсек, ерлік сабақтары қазіргі таңда жас буынға өте ықпал етіп, патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі