Абай облысында колледждер мен мектептердің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары мен әдіскерлері қатысқан республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Нұсқаушылық-әдістемелік конференция «Алғашқы әскери және технологиялық дайындықты оқытушы-ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбын талқылады. Басқосуды «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ мен Абай облысының білім басқармасы ұйымдастырды. Алғашқы баяндаманы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді ұйымдастыру» тақырыбында «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Дархан Саттарұлы Әжібаев жасады. Одан кейін «Азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесі, рөлі, негізгі міндеттері мен принциптері» туралы Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы майор Димаш Николаевич Асқаров, «Шекарашылардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды рөлі» жайында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің тәрбие, идеологиялық және кадр жұмыстары жөніндегі басқарма бастығы подполковник Айдын Амангелдіұлы Чуримбаев, «Әскери-патриоттық тәрбиені ұйымдастырудағы жұмыстарды жүзеге асырудың тәртібі» жөнінде 5511 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Рүстем Болатұлы Ғабдулин, «Бәсекеге қабілетті маман даярлаудағы патриоттық тәрбиенің орны» төңірегінде Семейдегі геологиялық барлау колледжінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы запастағы майор Еділ Сіләмғазыұлы Өміртаев өз баяндамаларын ұсынды. Конференцияның негізгі тақырыбына «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ қорғаныс зерттеулері департаментінің бас сарапшысы запастағы полковник Ерлан Садықұлы Закиев тоқталды. Ол «Қазақстан Республикасындағы алғашқы әскери және технологиялық дайындықты оқытушы-ұйымдастырушылардың кәсіби құзыреттілігін дамыту», «Біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырудың болашағы», «Оқу процесінде «Геотактика» бағдарламалық өнімін қолданудың келешегін» жан-жақты талқыға салды.
«Мұндай шара 2024 жылы Алматы, Астана, Шымкент қалаларында өткізілген. Биыл алғаш рет Абай облысынан бастап отырмыз. ҚР Үкіметінің №597 Қаулысында көрсетілгендей, азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің ережесіне сай мектеп жасындағы балалардың патриоттылығын арттыру үшін алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының кәсіби құзіреттелігін дамытуымыз қажет. Компьютерлік виртуалды технология, дрон, робототехника секілді заманауи технологияларды қамтитын технологиялық дайындық пәні ҚР Қарулы Күштерінің әскери оқу орындары мен жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың бағдарламасына енгізілген. Біздің мақсатымыз – осы бағдарламаны орта білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына қосу. Бүгінгі күні еліміз бойынша 400 мыңнан астам оқушыға алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің 5 мыңдай оқытушы-ұйымдастырушысы білім беруде», - деді өз сұхбатында запастағы полковник Ерлан Закиев.
Абай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Омаровтың айтуынша, бұл басқосу ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Ұлттық ұланына қарасты әскери құрылымдардың бірігуімен жүзеге асты. Облыста тұңғыш рет өткізілген жиынға Семей қаласына жақын орналасқан аудандардан 60 шақты мұғалім келді. Облысқа қарайтын барлық аудан-ауылдардағы алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілігін жетілдіру үшін жинау – ойда жүрген жоспар. Жалпы Абай облысы бойынша 270 оқытушы бар.
Конференция кезінде жастарды әскери қызметке дайындау және азаматтарды әскери-кәсіптік бағдарлау мақсатында көрме де ұйымдастырылды. Күштік құрылымдармен қатар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан 44736 әскери бөлімінің әскерилері де әскери қару-жарақ пен қазіргі киім үлгілерін көрсетті.
Алуа Искакова
Суретті түсірген автор