Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, мерген Мария Ефимовна Шинкевичті Жеңіс күнімен құттықтады. Құттықтау шарасына ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова да қатысты.
Мария Ефимовна Шинкевич 1924 жылы дүниеге келген, ал 1944 жылы сәуір айында Осакаров ауданынан әскерге аттанып, Мәскеуде мергендер мектебінде оқып, 220-шы атқыштар дивизиясының 199-шы полкінде қызмет етті. Осылайша, ол соғысқа аттанып, ерліктің үлгісін көрсеткен сұрапыл жылдары майданның алдыңғы шебінде болды. Жеңіс күнін Мария Ефимовна Прагада қарсы алып, жеңіс жалауын көтеруде өз үлесін қосқан батыр жауынгер болып қала берді.
– Мария Ефимовна сынды сұрапыл соғыс тәжірибесі бар мерген апамызбен танысу мен үшін үлкен мәртебе болды. Бұл кездесуден алғаным көп. Оның батылдығына тағзым етемін. Ерік-жігеріне таңдандым. Мария Ефимовна Шинкевичтің өмір жолы мен ерлігі жас буынға үлкен өнеге болып табылады, - дейді, ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова.
Ұлы Отан соғысының ардагері түрлі марапаттармен, оның ішінде «Ерлігі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Соғыс майданында ерекше ерлік көрсеткені үшін жоғары бағаланып, оның есімі тарихта қалды. Мергендік шеберлігінің құпияларымен бөлісе отырып, Мария Ефимовна әскери қызметшілерге Отанды қорғау жолында табыс тіледі. Сонымен қатар, ол әскери қызметшілерге көрсеткен ықыластары мен құрметі үшін шын жүректен ризашылығын білдіріп, жастарға еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі үшін қызмет ету жолында үлкен жауапкершілікпен алға ұмтылуды ұсынды. Мария Ефимовна Шинкевичтің өмірі мен ерлігі Қазақстанның даңқын көтеріп, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі боларлықтай. Оның күресі мен батылдығы Жеңіс күніне арналған әрбір шараның шынайы мәнін айқындайды.