Чемпиондық рух, үздіксіз жаттығу: «Қазақстан барысы» атанған сарбаз ақыл-кеңесімен бөлісті

«Қазақстан барысы-2023» жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай туралы не білеміз?

Нұрдәулет Кәкіш
04/07/2023 - 22:09

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

«Қазақстан барысы-2023» ХІІ республикалық турнирінің жеңімпазы Ғалымжан Қырықбайдың қандай арманы бар? Алып денелі балуанның салмағы өмірге келген кезінде қанша болған? Осы және басқа да сұрақтар жөнінде Ғалымжан Қырықбай Sarbaz.kz тілшісіне берген пікірінде айтты.

Ғалымжан Қырықбай – Қазақ күресінен (Қазақстан) ересектер мен жастар арасындағы жеңімпазы, Самбо күресінен Қазақстандағы ересектер арасындағы жеңімпазы, дзюдо күресінен бүкіләлемдік универсиада жеңімпазы, «Әскер барысы», ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – орталық спорт клубының мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері. «Қазақстан барысы» турнирінің 2021 жылы «күміс», 2022 жылы «қола» жүлдегері.

«Олимпиада ойындарына қатысып, жүлдегер атансам деп мақсат қойып жүрмін. Бұл спортты 12 жасымда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылында бастағанмын. Азаттық ауылының мектебінде оқыдым. Тараздағы М.Х. Дулати атындағы университетте білім алдым. Үлкен спортты Таразда бастадым. Содан бері жарыстарға Жамбыл облысының атынан қатысып жүрмін», – дейді балуан.

Ғалымжан Қырықбай 1997 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 9-сыныптан кейін Тараз қаласына оқуға түскен.

Үйдегі үш баланың екіншісі. Әпкесі мен қарындасы бар екенін айтады. Өзінің айтуынша, туған кездегі салмағы 4,5 келі болыпты. Қазіргі салмағы – 145 кг. Атын Ғалымжан деп әкесі қойған. Ата-анасы әлі де Түлкібас ауданында тұрады.

«Атымды әкем қойған. Ғалымжан деген әкемнің ең жақын досы мен тумай тұрып қайтыс болыпты. Досының құрметіне әрі сол кісі сияқты мықты азамат болсын деп атымды ырымдап Ғалымжан деп атапты», - дейді ол.

Алғашқы бапкері – Бақтияр Ақбергенов, қазіргі жеке бапкері – Ғалымжан Жылгелдиев. Күнделікті таңертеңгілік 2 сағат, кешкілік 2 сағат жаттығатын алып денелі балуан чемпион болу үшін жастарға не істеу керектігі туралы да кеңес беріп өтті.

«Жастар чемпион болу үшін ерінбей еңбек ету керек. Мұңаймау керек. Жарты жолда сынып қалсаң, чемпион бола алмайсың. Сол себепті қайтпау керек», – дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, жауынгер жарыстағы ең жайсыз қарсыласы қызылордалық Еламан Ерғалиев болғанын да тілге тиек етті.

«Шынымды айтсам, сыйақымды қайда жұмсайтынымды әзірге ойланған жоқпын. Мүмкін Тараздан өзіме үй алатын шығармын. Әлі нақты шешімге келмедім», – деді «Қазақстан барысы-2023» жеңімпазы.

Естеріңізге салсақ, Ғалымжан Қырықбай «Қазақстан барысы-2023» турнирінің ақтық сынында маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповтан басым түсіп, жеңімпаз атанған болатын. Бұл жеңісі үшін «Алтын белбеумен» және 25 млн теңге сыйақымен марапатталған.

Айта кетейік, Қорғаныс министрі «Қазақстан барысы – 2023» чемпионын құттықтады. Қорғаныс ведомствосында «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирінің жеңімпазы болған Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Ғалымжан Қырықбайға құрмет көрсетілді.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91