Қайсар мінезді қазақ жауынгері

Қазақ – батыр, жауынгер халық. Мұны халқымыз ел басына күн туған шақтарда талай рет дәлелдеген. Әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсете білді.

Админ
08/02/2025 - 16:09

Неміс фашистерімен бетпе-бет келген Кеңес әскерінің қай түрін алып қарасаңыз да қазақ батырларының қарасы көрінеді. Біз кеудені соғып тұрып, мақтана айта алатын бір жағдай бар. Мәскеу түбінде болған шешуші шайқаста Қазақстаннан барған әскери жасақтар жаудың бетін қайтаруға бірден-бір себепкер болды. Олардың көш басында «панфиловшылар» тұр. Мәскеуді басып алмақ ниетте келген жауға ойсырата соққы берген осы бір полктің хас батыры Бауыржан Момышұлы ел зиялыларына арнап жазған бір хатында соғыста тілерсегінен саз кешіп, қайсарлығымен көзге түсіп жүрген қазақтың талай жауынгері елеусіз қалып бара жатқандығын құлаққағыс ете келе, солар жайында жан-жақты жазбай жүрген қаламгерлерге қатты өкпелі екендігін де айтыпты. Шынында да, жауынгер халқымыздың соғысқа аттанған атпал азаматтарының талайы қанды майдандарда қайсарлық мінез танытқаны жасырын емес. Олардың көбінің аттары тарих хатына түспей де қалды.

Тәу етер Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, «уызға жарыған баланың» кейпіне ене бастаған тұста өткен тарих қайта таразыға түскені әмбеге аян. Өзіміз «Ұлы Отан соғысы» деп айдар таққан сұрапыл ұрыс кезінде Отан үшін от кешкен аталарымыз жайында тың деректер де табылды. Баспасөз беттерінде ардагерлеріміздің соғыста бастан кешірген түрлі кезеңдерін паш ететін мақалалар жарық көре бастады. Сөйтіп, кезінде Баукең меңзеген кемшіліктің орнын толтыру қам-қарекеті басталды. Бүгінгі ұрпаққа берер өнегесі мол бұл үрдісті негізге ала отырып, оқырман қауымға Мәскеу түбіндегі шайқастан бастап, Берлинге дейінгі қиян-кескі ұрыстарда қазаққа тән қайсарлық мінезден танбаған Шағырбай Айтбаев жайында әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Шағырбай әскерге шақырылған уақытта неміс фашистерінің жойқын соққысына тап болған Мәскеу маңындағы Кеңес әскерлері орасан адам шығынын бастан кешіріп жатқан болатын. Сондықтан құрамында Қазақстанның оңтүстік өңірінен соғысқа аттанған жас жауынгерлері бар әскери полк Батыс майданына қосылып, Одақ астанасын қорғауға кіріскен. 305-ші атқыштар полкінің жауынгері Шағырбай қару тапшылығына қарамай, шабуылдаушылардың қатарынан үнемі табылады екен. Кескілескен ұрыс барысында жарақат алған немесе жантәсілім болған жауынгерлердің қаруын қолына алып, олардың жолын жалғастырған. Мұздай қару құрсанған дұшпанмен талай рет бетпе-бет келіп, өмір мен өлімнің арасындағы айқасты сәтте ажал аждаһасынан құтылып отырған. Алайда, қаһарлы жаумен қақтығыста атқыштар полкінің де адам шығыны аз болмапты. Кейін келе бұл полк жауынгерлері 605-ші атқыштар полкіне ауыстырылып, жау қолында қалған қалаларды азат ету жауапкершілігіне көшкен. Осы мақсатта 1-ші және 2-ші Беларусь майдандарының құрамында болып, неміс фашистерінің кейін шегінуіне үлес қосқан. Сондай-ақ, Польшаның астанасы Варшаваны басқыншылардан азат етуге де атсалысыпты. Ал, Кеңес Үкіметі Бас қолбасшысының Берлинге тікелей бағытталған шабуылға кірісу туралы бұйрығы шыққанда ақтық шайқасқа аттанған. Бұл орайда мына бір жайды айта кеткен жөн.

Немістер Кеңес әскерлері жақындағанда өз астанасын сақтап қалу үшін үш эшалоннан тұратын қорғаныс шептерін құрған. Оның біріншісі Одер өзенінің іргесінде орналасса, екіншісі Берлин қаласынан 270-300 шақырым жерде орын тепкен, ал үшіншісі қаладан 40-50 шақырым қашықтықта болған. Осы аталған бекіністерді Кеңес Одағының жауынгерлері Батыстық блок (АҚШ пен Англия жасақтаған) әскерлерінен бұрын бағындыруға бар күшін салды. Бірақ, соғыс тактикасының жүйелі ұйымдастырылмауының салдарынан адам шығыны анағұрлым көп болған. Бұйрықты бұлжытпай орындаған жауынгерлер бұрын-соңды көз көрмеген бұралаң жолдарды артқа тастап, 1945 жылғы сәуір айының орта тұсына қарай соңғы бекініске жеткен. Екіжақты қақтығыстың ушыққаны соншалық ажал құшқан адамдардан аяқ алып жүру мүмкін болмай қалған. Тіпті, Кеңес әскерінің кейбір әскери бөлімдері түгелдей жер жастаныпты. Ал, сәуірдің 19-20 күндері Берлин үшін басталған ақтық шайқаста жағдай тіпті ушыққан. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, қаланың орталық бөлігіндегі ұрыста Кеңес әскерінің 300 мыңдай жауынгері шейіт болғанға ұқсайды. Осындай қанды қақтығыстардың басы-қасында жүрген Шағырбай 25 сәуір күні екі аяғынан жараланып, госпиталь палатасына таңылады. Ол өзі қатысқан сұрапыл соғыс өртінің соңы 2 мамыр күні Кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқталғанын емдеу палатасында естиді. Қуанышы қойнына сыймаған ол қала орталығына барғысы-ақ келеді. Алайда, төсек тартып жатқан оның ол кезде жүрмек түгілі әрі-бері қимылдауының өзі мұңға айналған болатын. Әйтсе де, қайсар ұл бұл сырқатын жеңе білді. Арада бір ай өткен соң аяғынан тік тұрған қазақ жауынгері қайтадан әскер қатарына қосылды. Нақтырақ айтқанда, Германияның батыс жағындағы Эрфрут қаласындағы әскери камендатурада қызметін жалғастырды. Жеңіс күні тойланып, соғыс аяқталғанымен елу жасқа жетпеген Кеңес жауынгерлері неміс жеріндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін сонда біраз жыл еңбек етулеріне тура келді. Олардың қатарында Шағырбай да бар болатын. Соғыс бітті деп жарияланғанымен, неміс жерінде жасырынып жүрген кейбір фашистердің тарапынан арагідік шабуылдар да ұйымдастырылып тұратын. Сондай қақтығыстардың бірқатарын бастан өткерген Шағырбай Айтбаев туған жері Мырзашөл өңірінде сарғая күтіп отырған анасы Жәудір мен келіншегі Әдеппен 1947 жылдың 14 наурызында ғана табысқан еді. Ол ауылға аяқ тірегенде соғысқа өзінен бұрын аттанған ағалары Құлбек, Жүнісбек және Сәтбектердің де дін-аман елге оралғанын көріп, көңілін тоқ санады. Перзенттерінің бірінен кейін бірін соғысқа шығарып саларда «Төрт бірдей ұлымның соңында ұрпақ қалмайтын болды ғой?» деп жанарын жасқа малыған Жәудір анасының жадыраған жүзін көріп қатты қуанды. Сондай-ақ, кіші бауыры Қалидің «жас та болса, бас боларлықтай» қабілетке ие болып, ауыл тіршілігіне үлкендерше араласып жүргеніне тәнті болды.

Шағырбай елге аман-есен оралған соң араға көп күн салмай, ауылдың шаруашылық жұмыстарына араласып кетеді. Соғысқа барып, қатаң тәртіпті ортаны көргендіктен оған аудан басшылығы ұжымшардағы мал басының өсуі мен оның орынсыз ысырап болмауын қадағалау міндетін жүктейді. Осы қызметті үш жылдай атқарған соң сол кездегі Кеңесшіл ауылдық кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалады. Осылайша бастау алған соғыс жылдарынан кейінгі еңбек жолдарында Шәкең көптеген ел басқару жұмыстарында маңдай терін төгіп, Мырзашөл өңірінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосады. Қай қызметте жүрсе де, халықпен етене араласып, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарған. Әділетсіздікке жаны төзбейтін азамат ел аманатына жүрдім-бардым қарайтындардың талайын сабасына да түсіріпті. Алайда, өр мінезді Шәкеңнің өмірі қысқа болды. Небәрі 53 жасында өмірден озды. Әйтсе де, соңына ұрпақ қалдырумен қатар, өскелең ұрпаққа өнеге боларлықтай ерлікке, еселі еңбекке толы өмір жолдары бар Шағырбай Айтбаев Екінші дүниежүзілік соғыста, әсіресе неміс фашистерінің соңғы демін өшірген Берлиндегі жан түршігерлік ұрыста қайсар мінезімен танылған қазақ жауынгерлерінің қатарынан ойып тұрып орын алатынына шүбә жоқ. Оның кеудесіне тағылған «Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медальдері бұл сөздерімізді айғақтай түссе керек.

Жалпы, қазақ тарихында қантөгіске толы шайқастардың аз болмағаны белгілі. Солардың қай-қайсысында болсын, халқымыз ержүректігімен, қайыспас білектілігімен көзге түсті. Дархан даламызды «білектің күші, найзаның ұшымен» қорғап, аман сақтап қалған батыр бабаларымыздың өрлігі мен өжеттілігі Ұлы Отан соғысы кезінде де жаужүрек аталарымыздың бойынан да табылды. Біз – ел намысына келгенде еңсені биік ұстап, ажалдың алдында да қасқая тұратын оғлан бабалардың ұрпағымыз. Осыны еліміздің өскелең жастары жүрген бүгінгі сарбаздар ұмытпауға тиіс.

 

Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ    

×

Редакция

$ 495.28  538.32  5.77