«Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтар»

Осындай тақырыпта Ленинград қаласының неміс-фашист басқыншыларының қоршауынан толықтай азат етілгеніне 81 жыл толуына арналып Семейдегі «Жас ұлан» ерлер лицейінде Ерлік сабағы өтті.
Админ
Бүгін, 15:05

   Оған қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтардың қаһарман ерліктерін құрметпен еске алып, бір минут үнсіздікте тұрды. Ерлік сабағына лицейдің тәрбиеленушілері, алғашқы әскери-техникалық даярлық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары, бірқатар жоғарғы оқу орындары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері келді. Қатысушылардың назарына лицей мұражайының жаңа экспонаттары мен әскери-мемуарлық және көркем әдебиет көрмесі ұсынылды. Ұлы Отан соғысының батырлары атындағы сыныптар мен аудиториялар да көрсетілді.

   Баяндама жасағандар Ленинградты қорғаудағы ерлік пен батырлыққа толы 900 күн жайында мол мағлұмат берді. Ленинград қаласын азат еткен семейлік Ұлы Отан соғысының ардагерлері В.Загорчик, В.Подхалюзин, С.Рамазанов, И.Топатаев, К.Байыров, С.Омаров ерліктері туралы да айтты. «1944 жылдың қаңтар айы ерлік пен батырлыққа, қайғы мен қасіретке толы кезең ретінде тарих бетінде жазылды. 900 күнге созылған ірі шайқаста  Қазақстанда құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы және 156 қазақстандық әскери борышын өтеген «Киров» крейсерінің экипажы ерен ерлік жасады. Қазақ жерінде негізі қаланған Волхов майданының 310-шы атқыштар дивизиясы мен Ленинград майданының 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің, 48-ші және 314-ші атқыштар дивизияларының мергендері Дүйсенбай Шыныбеков пен ДЗОТ амбразурасын кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетовтың ерлігі есімізде. Нева бойындағы қаланың қорғанысы үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған 226 адамның арасында 9 қазақстандық бар», - деді өз баяндамасында ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Александр Коновалов.

   Шара соңында соғыс және еңбек ардагерлерінің халықтық хоры Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың өшпес ерлігін жырлаған әндерді шырқады. Жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге үлес қосқан бір топ белсенді мақтау грамотасымен марапатталды.

×

Редакция

$ 518.14  537.57  5.27