Газетіміздің өткен аптадағы санында, яғни 24-ші қаңтардағы №3 (2170) шығарылымында Әбдіхан Жағыпаровтың 1943 жылы госпитальда жатқанда жазған жыр жолдарын жариялаған болатынбыз. Соның жалғасын оқырман назарына ұсына отырып жыр авторына қатысты аз-маз мағлұмат бергенді де жөн көрдік.
Жағыпар Ділдабайұлы мен оның жары Рысалды Әмірқызынан 13 бала дүниеге келген екен. Көпшілігі жастай аурудан, ХХ ғасырдың басында қазақ халқының басына келген түрлі қиыншылық жылдары қайтыс болып, сол 13 баладан 3 перзент қана қалған. Олар Әбдіхан, Сырғаш және Рәш.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қарағанды облысы, Қарсақпай кентіндегі Жезқазған біріккен аудандық әскери комиссариатынан 1942 жылы 25-ші маусымда Оңтүстік Урал әскери округі Шұбаркөл әскери лагерлеріндегі
32-запастағы шаңғышылар полкіне аттандарылған 400 азаматтың тізімінде Әбдіхан атамыз 226-шы болып, ал қарындасы Сырғаштың жолдасы Наурызбаев Жұмабай (1905-1943 ж.ж.) 241-ші болып бірге аттанған екен.
Алғашқы дайындықтан кейін Әбдіханды артиллериялық даярлау бөліміне ауыстырған. Онда ол 1942 жылдың күзінде Дон өзені бойындағы шайқастарға кіріп, 1943 жылы 11 ақпан күні ұрыста жараланады.
Сәуір айында емделіп госпитальден шыққаннан кейін Курск иініндегі Ольховатка елді мекені төңірегінде 1943 жылғы шілденің 5 мен 18-і аралығында болған ауыр шайқастарға қатысады. Таңертең ұрысқа кірген 4 000 жауынгерден кешке 17 адам ғана қалған. Күн-түн тоқтаусыз жүрген ұрыстардың 12-тәулігінде жаудың кезекті артиллериялық атысынан жеті жерінен снаряд жарқыншағымен ауыр жараланады. Онымен қоймай, жарылыстан кейін топырақ денесін жартылай жауып қалады. Ес-түссіз жаралы күйде жатқанда «аян бергендей» болып ауылдағы інген түйе келіп, жанына шөгіп, Әбдіханға өркешіне мінуіне ыңғай жасайды. Сол түйенің өркешіне мінуге ұмтылған шалажансар жауынгер өмір үшін арпалыса қозғалғанда топырақтың астынан шығып, есі кіреді. Мұны байқаған жауынгер серіктері жарақаттарын таңып, бірнеше жаралылармен қоса уақытылы санбатқа жөнелтуге үлгереді.
Бұл арада бірнеше күндер бойына тоқтаусыз жүрген ұрыстарда жеке құрамы көп шығынға үшыраған әскери бөлімнен елге «Отан үшін майданда қаза тапты» деген ресми хабарлама – «қаралы қағаз» кетіп те қалған екен.
Жалғыз ұлдың бұл хабарына кәрі ата-анасы қабырғалары қайысып, көңіл айтып, батасын жасаған елге ас-суларын беріп те қояды. Содан алыстағы малшы ауылдағы соғыс кезіндегі көңілсіз күндердің бірінде аңшылық қасиеті бар әкесі Жағыпар Ділдабайұлы тамақ болар аң аулап, қарындасы Рәш үй шаруасымен әбігерленіп жатады. Содан анасы Рысалды Әмірқызы биесін сауып, месті киіз үйдің сыртына байлайын деп жатқанда көзі алыста шауып келе жатқан аттылы адамға түседі. Сондағы анасы өз естелігінде: «Бір адам атпен шауып келе жатып, қолын көтеріп, бірдеңе деп айқайлайды. Оны мен естімеймін. Аңтарылып қарап тұрмын. Бұл сорлы сонша неге айқайлайды, несіне жетісіп келе жатыр? «Қаралы» үйге қарай атпен сонша шапқаны несі?» - деп көңілі қамығып тұрады. Содан шапқан аттылы жақындай бергенде: «Сүйінші! Сүйінші! Әбдіханнан хат келді!» деген дауысын анық естілгенде анасының бүкіл бойы босап, қолындағы месі түсіп, төгіледі.
Хабаршының әкелген хатын қарындасы Рәш оқып береді. Сонда анасы: «Өлгенім тірілді! Өшкенім жанды!» – деп, жылап-еңіреп, сүйіншіге үйдегі інген түйені жетектетеді. Хабаршы: «Ау, месіңіз төгіліп жатыр ғой!» дегенде барып қана есін жинап, месті көтеріп, белдеуге байлайды. «Қуанған да бір, қорыққан да бір!» деген сол екен» – деп еске алады екен.
Сол екінші рет алған ауыр жарақаттың салдарынан бірнеше госпиталь ауыстырған Әбдіханды біршамадан кейін емі аяқталмаса да 1944 жылы майданға қайта жөнелтеді. Бірақ ескі жаралары ашылып, дәрігерлік комиссия «соғысқа жарамсыз» деп танып, қайта емделуге бағыттайды.
Жеңіс сарбазы туған ауылына 1946 жылы оралып, еңбекке араласады. Шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітеді. Қиын-қыстау жылдары азаматы азайып, шаруасы күйзелген елдің еңсесін көтеріп, халықтың жарқын болашағын құраған, бақытты бейбіт өмір алып берген майдангер ұрпақтың өкілі Әбдіхан Жағыпарұлы Ұлы Жеңістің 40 жылдығында бақиға жол тартқан.
Ұлытаулық Бөрбасулов Карим деген,
Қазақтан қасымдағы қалған солай.
Атадан жалғыздыққа көнген басым,
Дедім де көп жыладым «сақта құдай!»
Кідірмей бұл араға жүрдік ұрыс,
Белгісіз кімнің соры, кімнің бағы-ай.
Ұрысқа дәл кіруге келген кезде,
Айырды Каримнен де мені тағы-ай.
Кеп жеттім, артиллерия адамы аз,
Күз келіп қысылтаңдау өткен соң жаз.
Қазақтан бауыр түгел қалғаны жоқ,
Еркелеп бас ауырса қылатын наз.
Жетінші берді мені батриға-ай (батереяға),
Жүгіред көңіл шіркін көп қиналған.
Күміспек, Ишанбек пен Жақыпұлы,
Қағазда аттары бар осыарадан.
Ішіне қалың ағаш барып кірдік,
Көрінбейді адам түгіл ұшқан қарғаң.
Сайлаубай, Төлен көрдім қос жетімді,
Қабыл боп көздің жасы осы арадан.
Октябрь мейрам өткен соң,
Кіреміз ұрыс шамада-ай.
Іштегі шерді шығардым,
Жолығып Төлен балаға-ай.
Ұрысқа кірдік сонымен,
Дон өзені қалың тал, Мамоновка белімен,
Жағалап жауды біз қудық,
Турайекел көлінен.
Ғинуар (январь) айы Жаңа жыл,
Төлен өтті жалғаннан.
Жаудың тиіп қол оғы,
Өрт шығып күйгір көріңнен.
Өлігін көзбен көргем жоқ,
Соғыс болып сол күн түнімен.
Жолдасынан естідім,
Бірге жүрген мұнымен.
Соғыстық тынбай жеті күн,
Қатты шықпай дауыс үн.
Жауды жеңіп біз алдық,
Сегізінші біз бір түн.
Жауды қуып жеттік біз,
Өзінің салған жолымен.
«Қош Әбеке, сау бол!» деп,
Қолымды алған қолымен.
Бозбен бірме жармен,
Арықпен семіз қоңмен.
Айрылуға қиыспай,
Көбірек тұрдық сонымен.
Жарықтық тұрған дүние-ай,
Араласқан бармен.
Жыласып зорға айрылдық,
Бейнеті екен сорымен.
Осымен Төлен жайы қалсын тұрып,
Бұл жерден пибралда (февральда) кеттік жүріп.
Жау қырып Төлен құнын алғаның,
Ілгері жүрдік тағы жауды қуып.
Сайлаубай, Карим жолдас, Мұхамбетжан,
Төленді айтқан маған бұлар біліп.
Он бірі фивралдың (февральдің) дәл сол күні,
Кариммен бір қалға келдік кіріп.
Қалада қатты соғыс болып тағы,
Күн бата маған да кеп тиді бір оқ.
«Сен кеттің, мен қалдым» деп көлденеңдей,
Көзіме елестейді дүние боқ.
Сол жерде оқ тиген соң қалдым құлап,
Тіл келді калимаға сыңсып жылап.
«Оқ тиіп Жағыпаровке қалды» деген,
Бір дауыс естілді қатты шырқап.
Командир рудия (орудия) келді жетіп,
Дірілдеп тұла бойы оқтап қорқып.
Ол келіп көтере алмай тұрғанында,
Көмекке старшина келді жетіп.
Екеуі тік көтеріп үйге әкелді,
Мен жаннан жатқаным жоқ үміт етіп.
Киімді шешіп алып қарағанда,
Тиіпті жүрек аман, төсті жарып.
Командир аққан қанды қолмен басып,
Фенті (бинті) жоқ, санитарды отыр тосып.
Оқ қалған сыртқа шықпай сүбелікте,
Барады тұрған жері жанға батып.
Санбатқа апаруға дайындалды,
Пар атқа жайлап үстін шана жегіп.
Күмісбек, Ишанбекпен төрт мұсылман,
Әкелді қалғанымның бәрін жиып.
Жаралы екеу болып санбат келдік,
Жолдастар қала берді жасын төгіп.
«Әбдіхан сен қорықпа, жараң жеңіл»,
Деп айтты жарамызды доғдыр көріп.
Жараны он бес минут болды байлап,
Шопыр да машинасын тұрған сайлап.
«Тужли (Тяжелый) мынау іштен жаралы» деп,
Қойыпты жоғарыдан орын жайлап.
Жыйылды бағыт үйге жеткізуге,
Шопыр да машинаны келеді айдап.
Не керек жолда жүрдік он бір сутка,
Санитар ішімізде жара байлап.
Машина солқылдатып соққанында,
Қан шығып, жанға батып, қызыл қайнап.
Бір городке Нови капер (Новохопёрск) әкеп салды,
«Жазатын ішкі рана осы орын» деп.
Он күнде аппаратқа болад деді,
Еврей түсі қара бір доғдыр кеп.
Сол айтқан күндерінде оқты алды,
Сүбеден жан тимеген қайшы салып.
Сымбатты абейғандау ақ сұр қатын,
Қинады өтпес қайшы қолына алып.
«Тәуекел не де болса бір өлім» деп,
Мен жаттым бір Алланы кеуліме алып.
Өтпейтін қайшыменен қинап жанды,
Мұңайып қыздар тұрды сүртіп қанды.
Тез жазып сол жараны доғдыр врач,
Екі айда комиссия құрып салды.
Бұл жерде жолыққаным Зубайрахан,
Әркімге жалғыз Алла паналаған.
Әпрел (апрель) он бірінде «жарамды» деп,
Тағы да жолға салды екіталай.
Ауыр іс тағы түскен Әбдіханға-ай,
Ұрысқа жіберген соң бұдан тағы-ай.
Ұрысқа «передовой» жүріп кеттім,
Дедім де жалғыз Алла пана дағы-ай.
Осыдан «передовой» келдім жетіп,
Шегініп қалған екен неміс кетіп.
Снаряд оқ аралас атуменен,
Барады қызықты күн бәрі өтіп.
Май, июнь оборонда екі ай тұрдық,
Оқ атар траншея мен қазып құдық.
Июльдің бесі күн – басталды ұрыс,
Қашаннан неміс иттің пейлі бұзық.
Қамығып хатты сол күн жаздым үйге,
«Ей Алла, кез болам деп қандай күйге».
Дірілдеп көңіл шіркін орнықпайды,
Ұрысқа шығатынды біліп түнде.
Снаряд ызылдайды, оқ шыпылдап,
Дірілдеп бағанасын тартты биге.
Около төрт мың адам ұрыс аштық,
Он жеті адам қайтты кешке бізде.
Ұрыста болдым содан он екі күн,
Атыстық демалыс жоқ күні мен түн.
Өліктен аяқ басар ашық жер аз,
Ұйқы жоқ, ыстық шілде, шықпайды үн.
Июльдің он сегізі соғыс қатты,
Аямай жауыз неміс оқты атты.
Жаралы жеті жерден аскол (осколок) тиіп,
Әбдіхан Алла сақтап, құлап жатты.
Көз көрген сау-саламат жолдастарым,
Мылтықтан ласел (носилка) қылып алып тартты.
Бір Алла біз ғаріпті сақтаған соң,
Санитар санбат жаққа әкеп қайтты.
Санбатқа көп ұзамай әкеп салды,
Бірі боп мен де жаттым болып көптің.
Ыңырсып, ыңқылдаған талай сабаз,
Көз көріп, өзімді-өзім шүкір еттім.
Болғанда сағат сегіз көмек берді,
Тиюі қиын екен өшреттің (очередьтің).
Қиындық бәрі келіп, басыма орнап,
Сол күні бәрін көрдім қасіреттің.
Бұл орын көп ұстамайд жарақатты,
Машина дайын тұрған алып тартты.
Солқылдап тас жолмен сүргенінде.
Ес кетіп, жарақатым жанға батты.
Ыңырсып көзді жұмып жата алмаймын,
Жан шіркін мұнша неден болдың тәтті?
Өз денең өзіңе ауыр, көтере алмай,
Құс мамық жамбастағы тиеді қатты.
Жүрекке ас батпайды бой тітіреп,
Бәрінен шыбын жаның болып тәтті.
Сұрайды сағат сайын қал жайымды,
Дайын ғып тамақ әкеп, түрлі тәтті.
Үш күн боп бұл арадан тағы жүрдік,
Тоқтатпайды болған ауыр жарақатты.
Жаралы жан қалған соң Алла сақтап,
Білдіріп тірлік үйге жаздым хатты.
Станция Золотухин деген жерден,
Тағы да поезбенен алып тартты.
Үкімет тәрбиесі қандай жақсы,
Поезы үйден артық болған бапты.
Ел шіркін еске түсу хабарда жоқ,
Бәрінен шіркін жаның болып тәтті.
Күмістің реңіндей айыратын,
Бір городке әкеп салды Машурын (Мичуринск) атты.
Ет кесу етіңізден оңай емес,
Жасаған әпратця (операция) жанға батты.
Бес күн боп бұл арадан тағы кеттім,
Уфаға БАССР алып тартты.
Бұл дағы атақты горт (город) сондай керім,
Госпиталь толып жатыр бөлім-бөлім.
Лайықты бізге бірін ұсынған соң,
Орнығып осы араға шетім белім.
Елестеп көңілде аз қуаныш бар,
Алыста емес қандай мекен жерім.
Хат жазып елден хабар алуыма,
Жақын тұр осы араға туған елім.
Хат пенен телеграмма қабат беріп,
Көңілім орныққандай алдым демім.
Хат жаздым туған туыс жекжаттарға,
Хабар бер ұмытпаған дедім бәрің.
Орнығып «екі-үш айдай болармын» деп,
Оқиға бастан өткен жаздым бәрін.
Ұйқы мен тамақ ішу қалыпты емес,
Қиналып ыңырсыймын шыбын жаным.
Тамақ көп, бағым күшті, орын жайлы,
Не керек дайын болад, айтсаң бәрі.
Врач сағат сайын қарап тұрады,
Ауруың не боп жатыр, қандай халің.
Көпшілік ауру бағу оңай емес,
Қабағын шытырмастан табад бабын.
Ауруды сауықтырып адам қылмақ,
Жаздырып денедегі оқтың зарын.
Сөзім көп ойға алған жаза берсем,
Оң қолмен қарындаштың соңына ерсем.
Жалғасын тағы келіп жіберермін,
Әзірше осы хатым бара берсін.
Аз күнгі бастан өткен машихаттың,
Сақтаймын көңіліме айтпай несін.
Арман сол көңілдегі ойға алған,
Семья, ата-анамды аман көрсем.
Қорқамын үмітпен хабар алмағанға,
Бауырым Рәш, Сырғаш қайда жүрсің?
Көкесі бірге туған алдында жоқ,
Көтеріп көңілдерін қайтіп күлсін.
Сырт бүтін, іші түтін жүрген болар,
Сыр білмес сыртқы тосын қайдан болсын.
Оларға басшы болып ақыл айтар,
Ата-ана алдындағы тірімісің?
Кеулінде еш арманы қалмас еді,
Алдында тірі жетіп мен бір жүрсем.
Ажалға Алла тағала сабыр етіп,
Құлым деп мен ғаріпке тілек берсең.
Бір Алла мен ғаріпке берген тілек,
Ет арып, жіңішкерді қолда білек.
Әкешім алдарында тірі болса,
Шаруасын кетпес еді-ау ешкім билеп.
Мен жүрмін болса дағы Отан үшін,
Бір Алла босатпаса етіп себеп.
Қолында Сырғаш, Рәш әкейде жоқ,
Анашым отыр ма әлде болып кебек.
Құдай-ау мен ғаріпті босатқасын,
Басуға аяқ келді ақсай демеп.
Ас батпайды жүрегіме, түн ұйқы жоқ,
«Ай жат» деп доғдыр врач әлде не дейд.
Осымен енді аяғын жоқтамайын,
Өлеңді жаздым аулап көңіл жайын.
Пенделік біз күнәхар айтамыз ғой,
Жазуы болар ақыр бір құдайдың.
Айырған аз күн бейнет, бұйырған дәм,
Бауырлас туысқан мен жақынымнан.
Болмады бір күнгідей көрген бейнет,
Жеткерсе Ақ тағала ақырынан.
Уфадан алты айдан соң кеттім тағы,
Жігіттің тіршілікте Алла жағы.
Қаншама қиыншылық көргенменен,
Жар болса жаратушы ердің бағы.
Уфадан шығып бардым Ұландыға (Улан Удэ),
Саналмай сірә менен күн қалды ма?
Уфадан Ұландыға жіберген соң,
Өзімді тағы жолға ұйғардым да.
Ұланды барып түстім он бір күнде,
Әрі ойшыл, әрі шешен мен бұл күнде.
Түс көріп неше түрлі бұл сапарда,
Жорыдым жетермін деп жақсы күнге.
Ұланды барғанан соң үш ай жаттым,
Жібермейді, көзім жетті бұл да үйге.
Доғдыры қатқан қара қатын екен,
Білмеймін кез боламын қандай күйге.
Госпиталь мекен еттім тоғыз айдай,
Бәрін де шешетұғын бір құдай-ай.
Кідіртпей тағы фронт аттандырды,
Гвардия болмаған соң орын мұндай.
Бұл ара аттандырды жара жазбай,
Қыс өтіп шыққаннан соң тірі жазға-ай.
«Жазылмай жара қалай жазасың?» деп,
Айтуға біз ғаріпте шама бар ма-ай?
Бұл жерден жұретұғын жалғыз өзім,
Естимін осылай деп айтқан сөзін.
Гвардия шашты (часті) Горьки қаласында,
«Барасың – деді – жалғыз соған өзің!».
Жиырма екі күн берді жетуіме,
Айтқан соң тура менің кетуіме.
Бет алып тағы фронт жүргеннен соң,
Қиын жол бұл да маған секілденді.
Бұл городтан фронт болып шықтым жолға,
«Бір Алла сапарымды – дедім – оңда!».
«Мен жалғыз, құдай жалғыз» дедім дағы,
Документ кетім жүріп алып қолға.
Жол жүрдім поезбенен он екі күн,
Ән салып, зарлы күймен шығарып үн.
Горькидің қаласына келіп түстім,
Апрель он үшінші келетін түн.
Он үші апрельдің келдім шашты (часті),
Шерменде еткен Алла барлық жасты.
Әрине гвардияны көп ұстамайд,
Киінген маршабойға (маршевая рота) келіп қосты.
Он төрті апрельдің жүрдік ұрыс,
Жолдасым жанымдағы бәрі орыс.
Сартылдап шагом маршты жүргенімше,
«Жазғаны маршабойға – дедім – дұрыс».
Ұрысқа бұдан жүріп жеттік барып,
Жатқанда «Западныйдың» (Западный фронт) қары еріп,
Жарамды, жарамсызды айыруға,
Аралап комиссия келді көріп.
Көзімен комиссия көргеннен соң,
Шығарды «Жарамсыз!» деп мені бөліп.
Жарамсыз тоқсан жеті адам болып,
Қалаға Қаркоп (Харьков) деген түстік келіп.
Орнығып бұл қалада тұрдым содан,
Наны мен суын ішіп бар бұйырған.
Орнығып бір орында тұрғанан соң,
Жиілеп хатта келді жан бауырдан.
Хат жазған жиілетіп тынбай шора,
Мал көп жеп асқап жазад Сарысу тола.
Жағдайым бұл қалада жақсы жүрдім,
Жаратқан жалғыз Алла болмай пана.
Осындай жақсы күнде жүргенімде,
Ашылып екі ай жаттым ескі жара.
Тоғызы май айының соғыс тоқтап,
Жақсылық қуанышпен болды және.
Жазылған осы бір жүз он бес ауыз,
Қабықты бұл сөзімде бар ма қауыз?
Соғысқан бес жыл бойы демін алмай,
Осылай аяқталды неміс жауыз.
Уфа қаласындағы госпитальда
жарақатпен жатқан
Жағыпаров Әбдіханның өлеңі
1943 жылғы 7 қарашада басталып,
1945 жылы аяқталған
Сөз соңында...
Соғыс кезінде түрлі аласапыран жағдайда сарбаздарды уақытылы есептеп, түгендеу, мәліметтерді толық жинау, тіпті жерлеу де қиын болғаны белгілі. Осы күнге дейін боздақтарын іздеген әулеттер мен отбасылар әлі де бар. Тағдыры 80 жылдан кейін де анықталып жатқан сол батыр ұрпақтын жауынгерлері де бар.
Осы өлеңде аталған жауынгерлер туралы
Жезқазған біріккен аудандық әскери комиссариатының
әр жылдардағы мәліметі:
Қасқабаев Мұхамбетжан 1919 ж.т. – 1942 жылғы желтоқсанда «хабарсыз кеткен».
Сержант Оралбаев Карим 1923 ж.т., бөлімше командирі - 1943 жылғы желтоқсанда «хабарсыз кеткен».
Жакыпов Күмісбек 1912 ж.т. – 1943 жылғы желтоқсанда «хабарсыз кеткен».
Жакыпов Ишанбек 1915 ж.т. – 1943 жылғы желтоқсанда «хабарсыз кеткен».
Наурызбаев Жұмабай 1905 ж.т. – 1943 жылы желтоқсанда «хабарсыз кеткен». Ал расында туысқан інісі Жараспаев Досымбек (1918-1989 ж.) өз қолымен ұрыста қаза болғанда жерлейді, бірақ өзі де бір жақ бетін оқ жұлып, ауыр жараланып бөлім басшылығына мәлімет берілмей қалады.
Жанайдаров Қасымбек 1922 ж.т. – 1944 жылғы мамырда «хабарсыз кеткен».
Қарашолақов Қасымбек 1905 ж.т. – 1943 жылғы наурызда «хабарсыз кеткен».
Саркеев Төлен 1923 ж.т. - 1944 жылғы мамырда «хабарсыз кеткен». Ал осы өлеңде 1943 жылы қаңтарда ұрыста қаза болғаны айтылады.
Таукебаев Сайлаубай 1905 ж.т. - 1943 жылы тамызда «хабарсыз кеткен».
Бөрбасулов Карим – мәлімет табылмады.
Зубайрахан – мәлімет табылмады.