ЖАРАЛЫ ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖАН СЫРЫ

Биыл әлем тарихындағы ең сұрапыл соғыстардың бірі саналатын Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады.

Админ
28/01/2025 - 16:38

Оқырман назарына үсынылатын төмендегі жыр жолдары сол бір сұрапыл соғыста елімізге Ұлы Жеңісті алып келген ұлы ұрпақтың өмір жолы, қазақ ауылдарының салт-дәстүрі мен мәдениеті, тыныс-тіршілігі, наным-сенімдері, үміт-армандары көрініс тауып, бейне бір көне кинолентадай сайрап жатыр. Бұл құнды дүниені бізге отставкадағы полковник Артықов Ғани Асылбекұлы деген азамат алып келді. Жыр авторы анасының туған нағашысы. Оның туындылары әу баста қолжазба күйінде қалған екен. Соны араға 55 жыл салып электронды жазбаға айналдырған.

Қазақтың қара өлеңін қарапайым сөздермен өріп, өзіндік бояуын жасаған Ұлытау облысындағы Сарысу ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жағыпаров Әбдіхан деген кісі  (1913-1985 жж.). Кезінде үш кластық қана білімі болған ол өзінің майдан даласындағы жолын, ондағы оқиғаларды өлеңмен суреттеп жеткізген. Осының өзі ардагер атамыздың ауыз әдебиетінен сусындаған тіл байлығын көрсетсе керек. 

Шығармада сөздер мен сөз тіркестері, жер мен зат атаулары мейлінше автордың нұсқасында қалдырылған. Оқырманға түсінікті болуы үшін жақша ішіне нақты атаулары қоса берілген.

Жалпы, жыр жолдарының көлемі көбірек болғандықтан газеттің алдағы санына да мұның жалғасын жариялауды ұйғарып отырмыз.

 

 

 

Хат жаздым қарындашты қолыма алып,

Көңілді қиялданған жолға салып.

Сағынып зарыққанда өлең жазу,

Қашаннан келе жатқан ескі қалып.

 

Ертеден сөз жазушы шебер емен,

Құрайтын ұлғайтып сөз терең барып.

Әшейін ермек етіп жаза салдым,

Жөн болмас бір орында қарап жатып.

 

Жол тартып Отан үшін елден шықтым,

Жау жеңбек мақсатымыз оқпен атып.

Бұл жолда үлкен-кіші бәрі де жүр,

Әр жердің ризықты дәмін татып.

 

Отанға жау тигенде қалай шыдар,

Ұмтылмай Сталин деп ұран салып.

Сұм жауды жерімізден қуып шығып,

Тойлармыз қызыл туды қолға алып.

 

Қызықты тірі кісі әлі-ақ көрер,

Кез болса жақсылыққа жүрек жарып.

Бұл жолда өлім де бар, бейнет те бар,

Оқ тиіп жараланған болып кәріп.

 

Үиннің (июньнің) 18-і шықтым үйден,

Сақара ойнап туған солты күйден.

Көретін жайшылықта айрылмастай,

Ата-ана, бауыр қалды жаным сүйген.

 

Бұдан соң Аққұдыққа келіп жеттік,

Үш ағаш, Қоңыр жота, асып белден.

18-45-тің арасынан,

Азамат 50-60 шықты елден.

 

Аялдап бұл арада парауз (паравоз) тұр,

Мақсаты – тез жеткізу, бізге келген.

Кемпір-шал осы арадан жылап қайтты,

Аққұдық станцияға дейін ерген.

 

Келген соң көк вогенге (вагонға) алдық шығып,

Жоқ екен мінген ешкім бізден бұрын.

Мінген соң районға алып тартты,

Күтінген ерте бастан тастап күлін.

 

Келген соң районға біз де түстік,

Көшеде топ-топ адам көрдік жиын.

Құрылған комиссия қыс клубта,

Ерлер тұр өшретте (очередьте) тіреп иін.

 

Жиылған көпшілікке біз де келдік,

Қыдырып ертең аздап білмей сырын.

Сол күні өшірте (очередьте) бізде тұрдық,

Тіркелу тез тізімге болып қиын.

 

Бұл күні талай адам көрініппіз,

Босанып азамат жоқ қайтқан кейін.

40-50 жан бірден бастық сайлап,

Сол түні жүргізуге болды бейім.

 

Бұл жанға не тамақ жоқ, берген киім,

Ақырын күттік ақтан болсын тыйым.

Сабыр бол кешке таман сотысы деп,

Ілияс, Манаппенен қайтем кейін.

 

Тағы да біреу келді төсін соққан,

Кетпеңдер адам бар деп қаралмаған.

Сұрап тұр талай ғаріп рұқсатты,

Үйінен жол қаражат ала алмаған.

 

Мен дағы дәл солардың біреуімін,

Ақымақ «Қош, ана!» деп қол алмаған.

Әкешім қыдыра алмай қалды-ау ол да,

Құлыны кеткеннен соң бұлаңдаған.

 

Артымнан шыдай алмай келді-ау әкем,

Көп тілеп амандақты бір Алладан.

Көңлімде мен ақымақ ештеңе жоқ,

Жол жүріп бұрын алыс ералмаған.

 

Қанатым, Рәш сәулем келді-ау ол да,

Көкесі кеткеннен соң тұра алмаған.

«Көкешім, мен де барам артыңнан» деп,

Жүрерде атқа мініп айтқан маған.

 

«Көкешім, әлдеқалай боласың» деп,

Көл етіп көзден жасын тыя алмаған.

Жүр екен осы күні қандай күйде,

Көкесін алыс жолға қия алмаған.

 

Құшақтап көкешімді жылағанда,

Жығылып жазық жерде тұра алмаған.

Ішінде арманы көп жолыға алмай,

Анашым қалды-ау үйде шыға алмаған.

 

Бұларға айттым ақыл амандасып,

Лезде қалған екен әкем жасып.

Тар жерде тауып айтар ақыл қайда,

Әшейін тұрмын балқып, мауқын басып.

 

Осылай мауқын басып тұрғанымда,

Шақырды тізім оқып, хабар шашып.

«Көрем бе, көрмеймін бе» дедім-дағы,

Көп сүйдім беттерінен кеулім жасып.

 

Іркілген көзде жасы бір тыйылмай,

Бауырым жібермейді құшақтасып.

«Келем» деп қайта айналып сөзбен алдап,

Қоштасып кеттім жүріп қол ұстасып.

 

 

Тапсырып бір Аллаға қалды екеуі,

Көппенен кетім бірге араласып.

Сонда да жан бауырым қалар емес,

Әкешім кетті-ау алып, кеулі жасып.

 

Бетімді сапар еткен Алла оңғарсын,

Жол тартып Жезқазғаннан кеттік асып.

Қалғандар қандай халде өзі білед,

Біз кеттік шалонменен (эшалон) әнді қосып.

 

Ән қосып біз шалонмен келе жатсақ,

Тұр екен жан ашырлар жолды тосып.

Әбекең «Қош бауырым!» деп көп жылады,

Құшақтап көзде жасы, қол ұстасып.

 

Не керек түсіп қалар дәрмен қайда?

Теректі, Аққұдықты өттік басып.

Осыдан Қызылжарға келсек жетіп,

Сырғаш (бауыры) тұр көзде жасы, қаны қашып.

 

Кетпейді құлағымнан әлі даусы,

Жылаған «жалғызым» деп құшақтасып.

Ойыма о жалғыздық сонда түсті,

Кейінгі қалғанды ойлап, көңіл жасып.

 

Жалғыз-ақ менің тауып айтқан сөзім:

«Жүдеме, күнелтіңдер ақыл қосып».

Шырылдап жан бауырым тұрғаннан соң,

Бой бермек көздің жасы ақтау жосып.

 

Сонан соң жүйрік пойыз алып тартты,

Ақмола, Атбасардан горты (городты) басып.

Дәм тартқан Шұбаркөлге келіп түстік,

«Жанашыр жан бауырлар қайда?» десіп.

 

Бұл жерде үиыл, агус (июль, август) екі ай жүрдік,

Халықтан қалған артта хат алысып.

Бұлқынған асау тайдай көңілменен,

Шұбаркөл болдық әскер келіп түсіп.

 

Ойынға алғашқы бет көндіге алмай,

Орысша команданы үйрене алмай.

Кез келіп қиындыққа осы арада,

Бейнетті неше қиын көрдік талай.

 

 

Бауырдың көпшілігі бөлек жерде,

Сұраймын кездескенде «қалың қалай?»

Бел шешу алпыс күнде бір болмады,

Жатқаным қарағаймен жерден сарай.

 

Бұл жерден сентябрьде кеттік жүріп,

Бір Алла өзі жанға болсын пана-ай!

Гриваноп (Гриванов) 7 күнде барып түсіп,

Напра налебыга (направо, налево) түстік және-ай.

 

Ауылдан бірге шыққан жолдастардан,

Айрылдым көп жыласып осы арада-ай.

Ұрыстың екі жағы қанат жайған,

Күн қайда енді оларға қосылардай.

 

Жолдасым бәрі кетті жанымдағы,

Жападан жалғыз қалдым жата жылай.

Қайран ел, жан бауырдан айрылған соң,

Тағы да жалғыздықты көрдім мұндай.

 

Уфа қаласындағы госпитальда

жарақатпен жатқан

Жағыпаров Әбдіханның өлеңі

1943 жылғы 7 қараша

(Жалғасы бар)

×

Редакция

$ 519.28  540.05  5.31