ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

14 қаңтарда аты аңызға айналған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың қаза тапқанына – 81 жыл. Мерген қыз Ұлы Отан соғысы жылдарында 2-ші Балтық майданының 22-ші армиясының 54-ші жеке атқыштар бригадасында қызмет етті. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының Новосокольники қаласының маңында көз жұмды. Осы жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Админ
Кеше, 10:30

Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күнінде еске алу шарасы өтіп, оның мемориалдық кешеніне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Іс-шараға Әлияның інісі Сапар Молдағұлов және басқа да туыстары, облыстық және қалалық мәслихаттардың төрағалары, «AMANAT» партиясы мен облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, облыстық қорғаныс департаменті, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Ж.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының, әскери бөлімдер және жергілікті жоғары оқу орындарының өкілдері де қатысты.

Мемориалдық кешенге жиналғандардың алдында сөз сөйлеген өңір басшысы батырдың ерлігі халық жадында мәңгі қалатынын алға тартты.

«Бүгін – ерлігімен елдің рухын асқақтатқан қазақтың даңқты қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні. Биыл батыр апамыздың туғанына 100 жыл толады. Осыған орай өңірде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше назар аударылатынын, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың өшпес ерліктерін жадымызда жаңғыртатынымызды және жауынгерлеріміздің есімдерін халық жадында сақтауға қатысты зерттеу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

Отан үшін от кешкен батыр қыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Әлия Молдағұлованың есімі ғасырлар бойы даңққа бөленеді, ал оның батылдығы мен Отанға деген адалдығы туралы естеліктер болашақ ұрпаққа тәлім, нағыз құнды қазына», - деп атап өтті облыс әкімі.

Өңір басшысы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын мерекелеу аясында облыста қандай іс-шаралар өтетінін де айтты. Аты аңызға айналған Әлия Молдағұлованың мерейтойы республикалық салтанатты шаралар тізіміне енгізілген. Облыстық деңгейде мерейтойға арналған 100-ден астам іс-шараны қамтитын жоспар бекітіліпті. Оған бұқаралық, мәдени ойын-сауық, патриоттық, әскери-спорттық және халықаралық шаралар енді. Батырды еске алуға арналған байқаулар, гала-концерттер, спектакльдер, танымдық кештер және өзге де ұлықтау шаралары жоспарланған.

Олардың ішінде: «Ғасырларға жалғасқан ерлік» халықаралық форумы, «Әлия гүлінің достары» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының X Халықаралық фестивалі, «Ұмытылмас бейне» республикалық суретшілер мен мүсіншілер байқауының көрмесі, қыздар арасында пневматикалық қарудан ату бойынша «Мерген ару – 2025» республикалық байқауы, «Әлия-ән. Әлия-жыр. Әлия-дастан» республикалық ақындар айтысы, сондай-ақ «Әлия» мюзиклінің премьерасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының «Әлия» музыкалық-драмалық перфомансы өтеді.

Осыдан кейін іс-шара қонақтары Әлия Молдағұлова кешеніне гүл шоқтарын қойды.

×

Редакция

$ 527.58  546.15  5.29