ӘСКЕРИ ШЕРУГЕ ДАЙЫНДЫҚ

ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына келіп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге қатысатын жеке құрамның дайындығын тексерді.

Админ
19/01/2025 - 16:22

   Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. «Іс-шаралардың ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Бауыржан Момышұлының 115, Мәлік Ғабдуллиннің 110, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз» деген болатын Мемлекет басшысы – еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында.

   Генерал-майор Мереке КӨШЕКБАЕВ, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы: «Біз әскери шеруге дайындықты өткен жылдың желтоқсан айында бастап кеткеніміз баршаңызға мәлім.  Шеруге даярлықтың кезеңдерінің бірі – есептоптардың бастапқы әзірлігі жөніндегі бақылау жүргізу және командирлерге көмек көрсету. Ол дегеніміз – жеке құрамды іріктеу, орналастыру және саптық дайындық бойынша жеке әзірлігі. Бұл жерде дене дайындығымен де айналысу керек. Қатысушылар әбден іріктелгеннен соң, жеке құрам 30 наурыз күні Астана қаласында жинақталып, толық даярлық басталып кетеді. 

   Кеше Өскемен гарнизонында бір күн жұмыс істеп, сарбаздармен сұхбаттасып, дене шынықтыру жағдайы мен саптық даярлықтарын көрдік. Әскери шеруге баратын әскери қару-жарақ, әскери көлік жүргізушілердің дайындығы да тексерілді. Жалпы жаман емес, дайындықтары жалғасуда.

   Әскери парад соңғы рет осыдан сегіз жыл бұрын өтті. Биыл шамамен 3 500-тен астам әскери қызметші қатысады. Әскери әйелдердің бір бөлігі қазіргі заманғы жаңа киіммен, екіншісі тарихи бөлігінде соғыс жылдарындағы батыр қыздар бейнесінде сап түзеп шығады.

   Мемлекеттік маңызы зор шараның жаңалығы өте көп. Мәселен, тарихи бөлімде Қазақстан аумағында жасақталған 20 дивизия көрсетіледі. Арнайы операциялар күштері секілді жаңа құрылымдар, жаңа бірлестіктер әскери шеруде алғаш рет көрінеді. Модернизацияланған жаңа үлгідегі техника, жаңа ұшқышсыз ұшу аппараттары, жаңа ұшақтар да тұңғыш рет ел назарына ұсынылады».

 

Әскери парадқа қатысу – үлкен мәртебе

 

   Жауынгерлік парад бүкіл әлемге Отан қорғауды қасиетті борыш санаған қазақ халқының бойындағы батырлық мінезін, мықты рухын, биік намысын танытады. Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілеттілігінің деңгейіне қарай құрметі артады. Жеке құрамға да мотивациялық тұрғыдан ықпал етіп, жеке жауынгерлік әзірлік тәжірибесі жинақталады.

 

   Капитан Альмира ҚЫДЫРМАНОВА, 44736 әскери бөлімі қаржы қызметінің бастығы: «Мен үш мәрте, нақтырақ айтқанда, 2014 жылы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған 2015 жылы және 2017 жылы өткен әскери шерулерге қатыстым. Әскери қызметші үшін бұл зор құрмет деп ойлаймын».

 

   Лейтенант Еркежан ҚҰМАРҚЫЗЫ, 30217 әскери бөлімінің 1-ші артиллериялық дивизион офицері – психологы: «Әскери шеруге қатысуға мен де ниеттімін. Бұл шешімімді мақтаныш тұтамын. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сияқты ержүрек апаларымыздың жолын қуып, елімізге адал қызмет еткім келеді. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» демекші, бұл – тарих беттерінде жазылып қалатын оқиға».

 

   Перизат ҚУАНДЫҚОВА, Семей қаласы әскери госпиталь құпия емес іс жүргізу бөлімінің жауапты орындаушысы: «Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа алғаш рет қатысуға өз еркіммен өтініш білдірдім. Мемлекеттік деңгейдегі ауқымды шара әскери қызметке енді келіп жатқан біз сияқты жас әскерилерге мотивация, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа рух береді. Жігерлендіреді. Біз әрқашан егемен елімізді қорғап, тәуелсіздігімізді сақтау жолында соңғы деміміз қалғанша қызмет етуге дайынбыз». 

  

   Қатардағы Бекболат ҒАЙЫП, 28738 әскери бөлімі 2-ші артиллериялық дивизионы 4-ші батарея есептоп нөмірі: «Қарулы Күштеріміздің сапында әскери борышымды өтеп жүргеніме үш айдай уақыт болды. Маған Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысу мәртебесі бұйырды. Өз басым екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған атамның рухына бағыштаймын. Айбынды армиямыздың қуатын көрсету әрбір әскери қызметшінің міндеті деп санаймын».

 

   Қатардағы Асанәлі РАХЫМБАЙ: «Әскери шеруге қатысатын мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің дайындығы қызу жүргізілуде. Таңғы ұйқыдан тұрғаннан кейін казарма үй-жайында бас қимылдары, түзеу сызықтары, аяқты көтеру, «түзел», «тік тұр» пәрмендерін орындау арқылы әзірлік жүргіземіз. Түстен кейін үлкен алаңға шығып, саптық түзулікті сақтау, саппен жүру, саппен жүріп келе жатып пәрмен орындау секілді жаттығуларды күн сайын тыңғылықты пысықтаймыз».  

   ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев Абай гарнизонындағы әскери бөлімдер мен әскери құрылымдардағы әскери әйелдермен ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Семей филиалында кездесті. Әскери шерудің маңыздылығы, оған қатысушыларды іріктеу мен дайындаудың тәртібі жайында түсіндірді. Жауынгерлік парадқа бұған дейін қатысқан әскери әйелдермен оңаша сұхбаттасты. Сондай-ақ, әскери шеруде көрсетілетін әскери техниканың дайындық барысын тексеру мақсатында «Семей инжиниринг» АҚ атбасын бұрды. Броньды танк қару-жарағы мен техникаларын дайындаумен, жөндеумен және оларды күштік құрылымдардың пайдалануы үшін жаңғыртумен шұғылданатын кәсіпорынның мамандарымен нақты сұрақтар бойынша сөйлесті. Броньды танк техникаларының жөнделу жұмыстарын көрді. Әскери қалашықта мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің әскери шеруге дайындық деңгейін де тексерді.

 

 

Алуа ИСКАКОВА

Суреттерді түсірген автор

×

Редакция

$ 527.58  546.15  5.29